Қазақстан - мұнайға бай мемлекет. Елімізде шикізаттың бұл түрін өңдейтін үш зауыт бар. Солардың бірі Павлодар қаласында орналасқан. Бұл өндіріс орнында өз ісін жетік білетін тәжірибелі мамандар еңбек етеді.
Павлодар мұнай-химия зауытына ғұмырының 40 жылдан астам уақытын арнаған қызметкерлердің бірі - Серікбай Әбілов. Ақсу қаласына қарасты Сарышығанақ ауылының (бұрынғы Ермак қаласы Калинин совхозы) тумасы Серікбай Иманғалиұлы 1975 жылы сол елді мекендегі орта мектепті тәмамдап, бір жылға жуық уақыт шаруашылықта трактор тізгіндеді. 1976-1978 жылдары әскерде азаматтық борышын өтеп, 1979 жылы еңбек жолын Павлодар мұнай өңдеу зауытында бастады. Сол уақыттан күні бүгінгі дейін осы кәсіпорында еңбек етіп келеді.
- Маған қаладағы өндіріс орындарының тыныс-тіршілігі қызық болды. Күнделікті тұтынатын тауарлар, Кеңестік Одақ мемлекеттеріне жеткізілетін өнімдердің дайындалу барысын өз көзіммен көргім келді. Осы қызығушылық Павлодар мұнай өңдеу зауытына жетеледі. 1979-1998 жылдары слесарь болып жұмыс істедім. Сол тұста сорғыларды жөндеу жұмысы жүктелді. 1998 жылдан осы уақытқа дейін технологиялық сорғылардың 5 разрядты машинисі болып қызмет атқарудамын. Газ фракциялы қондырғылар арасын жалғайтын сорғылардың жұмысын реттеу - негізгі міндетім. Мұнай өңдеу, одан әр түрлі өнім алу тоқтаусыз өндіріс болғандықтан, сорғылар да істен шықпауы тиіс. Қандай да бір ақаулар туындаған жағдайда оларды тез арада ауыстырып, қалыпқа келтіру қажет. Себебі тұтас өндіріс сорғылардың қызметіне тікелей байланысты, - дейді тәжірибелі маман.
Бұл ретте Серікбай Иманғалиұлы жыл санап Павлодар мұнай-химия зауытындағы технологиялық үдерістердің дамып, жаңарып келе жатқанын айрықша атап өтті. Осыдан 40 жыл бұрынғы және бүгінгі өндірістің арасында айырмашылық көп.
- Еліміз егемендік алған соң зауыт жұмысы да жетіле түсті. Уақыт өте келе механикалық алып құрылғыларды автоматты түрде басқарылатын құрал-жабдықтар ауыстырды. Мәселен, кеңестік кезеңде сорғылар жиі істен шығатын. Ал қазіргі кезде ондай қиындықтар жоқ. Бүгінде өндірісте қолданылатын құралдар сапалы, ұзақ мерзімге және жоғары қуаттылықтарға шыдас береді. 40 жылдан астам уақыт бойы бір жерде тапжылмай қызмет етуімнің бір себебі де сондықтан болар. Мұнда мамандардың алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдай бар. Кәсіпорын басшылығының жоғары әлеуметтік жауапкершілігі, жақсы жалақылы жұмыс, бір-біріне қолдау көрсетер ұжым бар жерде өнімді еңбек болады. Сол себепті басқа, жаңадан ашылып жатқан зауыттарға ауысу ойыма да келмепті. Мұнай өндірісі жаныма жақын салаға айналды, - дейді С.Әбілов.
Серікбай Иманғалиұлының жұбайы Зарқын Уақасқызы да көп жыл бойы Павлодар химия зауытында еңбек етіп, зейнетке шықты. Әбіловтар отбасы Мадина есімді қызды тәрбиелеп өсіріп, бүгінде екі жиеннің қызық-қуанышына бөленуде.
Мұнай өңдеу ісінде ұзақ жыл тер төккен тәжірибелі маманның еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Әр жылдары «Коммунистік еңбек екпіндісі», «Өз мамандығының үздігі» атанды. «Зауытқа-35 жыл», «Зауытқа - 45 жыл», «Қазақстан мұнайына - 120 жыл» белгілеріне ие болды. Көптеген марапаттың қатарынан 1999 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен «Құрмет» орденінің иегері атануын ерекше атап өткен жөн.
Серікбай Иманғалиұлы биылғы кәсіби мерекесі күні құрметті еңбек демалысына шықты. Мұнай-газ кешені саласында табанды қызмет атқарған өз ісінің шеберін мерейлі жаспен құттықтаймыз. Денсаулығыңыз мықты, ғұмырыңыз ұзақ болсын!
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА
"Saryarqa Samaly" Павлодар облыстық газеті