«Ертіс» музейінде павлодарлық фотограф Кәрімжан Жәкеновтің «Менің арманым – құстар» атты фотокөрмесі өтті.
Кәрімжан Жәкеновтің айтуынша, алғашқы рет Ертіс өзенінің жағасында құсты суретке түсіріп, сәтті кадр шығарған екен. Сол сәттен құстар өмірін сүйікті кәсібіне айналдырған.
Оның негізгі мамандығы - инженер-металлург. Құстардың жабайы түрін табиғат аясында суретке түсіруді 2012 жылы бастаған.
«Құстар қимылын сағаттап бақылап, ауа райының қолайсыздық- тарына қарамай, жүздеген шақырымды бағындыру – бір сәтті кадр түсіру үшін жасалатын еңбек», - дейді фотограф. Өңірде қызыл кітапқа енген құстардың да кездесетінін айтып, қоғам назарын құстарды қорғауға шақырды. Суретшінің қолы, қиялы және жүрегі бірге жұмыс істесе ғана тамаша сурет шығары анық. Көрмеге құстардың 58 түрінің тамаша суреттері қойылған.
Фотокөрменің барысында суретші Александр Пархоменко, биология ғылымдарының профессоры Қайырбай Базарбеков, биолог-эколог Татьяна Мих экспозицияның ашылуымен құттықтай келе, барша қала тұрғындарын көрмені тамашалауға шақырды.
Махаббат ТӨЛЕБАЙ, "Saryarqa Samaly" Павлодар облыстық газеті,
Фотосуреттер: Константин Шелков ИА Pavlodarnews.kz