ТОО «Павлодарский нефтехимический завод»
23.05.2022
590 просмотров
ПМХЗ қызметкері Абай оқуларына қатысты

Технологиялық процесстерді модельдеу бойынша жетекші инженер Андрей Смык ұлы Абайдың 3 туындысын қазақ тілінде орындап шықты.

Аталмыш шараны қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырды. Сайысқа қатысудың басты талабы – өзге ұлт өкілі болу. Абай оқулары ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының шығармалары арқылы тіл мен әдебиетке деген қызығушылықты арттырып, мемлекеттік тілді дамыту мақсатында өткізіледі.

Андрей Смык қазақ тілін оқуды ел қатарлы мектеп қабырғасынан бастап, университетте жалғастырған. Алайда өзгелерден асып түскен тұсы – оның мемлекеттік тілді білуге қатысты бірталай сайыстарға, соның ішінде университетаралық олимпиадалар мен республика деңгейіндегі жарыстарға қатысуда тәжірибесінің бары.

Бірнеше ай бұрын Андрей ПМХЗ-да ашылған қазақ тілі курстарына қатыса бастады. Әу дегеннен көзге түскен жас өреннің ынтасын байқаған жетекшісі оған Абай оқуларына қатысуға ұсыныс білдірді. Аталмыш іс-шара мамырдың 20-шы жұлдызында өтті. Сайыста әріптесімізбен қатар дәл өзіндей тәжірибелі, талай жарыста топ жарған, «мен-мен» деген мықты конкурсанттар бақ сынады.

- Оқулар 3 кезеңнен тұрды. Олардың алғашқысында қатысушылар Абайдың өлеңін оқыса, екіншісінде бір қара сөзін жатқа айтты. Сайыстың үшінші бөлімінде тіл жанашырлары Абай өлеңіне жазылған әсем ән орындап шықты. Мен үшін қиынға соққаны – ән айту. Бірақ, жалпы алғанда, бұл барлығымызға қызықты да мардымды тәжірибе болды. Алдағы жылдары да оқуларға қатысу ойымда бар,- деді Андрей Смык.

Байқау кезеңдеріне шығармаларды таңдау процесіне Андрей ерекше жауапкершілікпен қарады. Ең басты талаптардың бірі – ақын шығармаларының басқа қатысушылармен жиі қайталанбауы. Мысалы, Абайдың өлеңіне жазылған атақты «Көзімнің қарасы» әнін қалалық оқуларда екінің бірі шырқады. Осыны ескерген зауыт мақтанышы сахна төріне «Ерекше естен кетпес қызық қайда?» өлеңімен шығып, екінші кезеңде бас ақынның жиырмасыншы қара сөзін оқыды. Ал ақтық сайыста «Мен бір жұмбақ адаммын» әнін орындады.

- Өлеңді де, қара сөзді де оқытушымен жоспарлағандай өз мәнерімде оқыдым. Ол басқа қатысушылардың классикалық оқу тәсілінен ерекшеленді. Өнер көрсету барысында бір ерекшеленіп, есте қалғым келді. Яғни шығарманың әрбір сөзін интонациямен, кідіріспен ерекшелеп емес, Абай шығармашылығына тән сөздерді өз бойымнан өткізе отырып, сезімдерімді көрсетіп, ой толғап айтуға тырыстым. Абайдың өзі шығармаларын осылай оқыған шығар деп елестеттім,- дейді ПМХЗ қызметкері.

Нәтижесінде зауыт қызметкері 15 қатысушының ішінен 5-ші орынды місе тұтты. Андрейдің айтуынша, ол қазақ тілін оқуды және алған білімін тәжірибе жүзінде қолдануды одан әрі жалғастырмақ.

«Павлодар мұнайхимия зауыты» ЖШС-ның жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі

Фотосурет: Мақсат Набиев

Будьте в курсе последних
новостей. Подпишитесь
на рассылку!
Подписаться