2013 жылдан бері Қазақстанның мерекелік күнтізбесіне маңызды мейрам – Еңбек күні кірістірілген. Бұл мереке – жұмысшы мамандықтардың дәрежесі мен маңыздылығын атап өтетін күн. Павлодар мұнай-химия зауыты Еңбек күні ірі іс-шара ұйымдастырып, зауыттың үздік қызметкерлерін марапаттады.
Өз құттықтау сөзінде ПМХЗ Бас директоры Қуаныш Бишімов зауыт қызметкерлеріне тек өнеркәсіптің ғана емес, бүкіл елдің гүлденуі мен даму жолында күнделікті атқарып жатқан жұмыстары үшін алғыс білдірді.
Сонымен қатар зауыт басшысы өндірістің ақсақалдары – капиталдық құрылыс бөлімінің бас геодезисі Рақымтай Бекшенов пен Ауыр мұнай қалдықтарын өңдеу өндірісінің технологиялық қондырғылар операторы Бутин Николайға Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінің атынан «Еңбек ардагері» («Ветеран труда») медальдерін табыс етті. Айтпақшы, марапатталғандардың жұмыс өтілі 40 жылдан асады, соның ішінде ПМХЗ-ға сәйкесінше өмірлерінің 28 және 32 жылын арнады.
Іс-шара барысында осы жылы өткен «Үздік маман» кәсіптік біліктілік сайысының бейнеролигі көрсетілді. Мерекелік концертте отырған аталмыш сайыс қатысушылары 30 мамыр мен 5 тамыз аралығында өткен бәйге барысында көрсеткен біліктіліктері мен кәсіпқойлықтарын естеріне түсіріп, бір марқайып қалды. Ал жүлдегерлер болса лайықты марапаттарына қол жеткізді.
Сондай-ақ ПМХЗ Бас директоры атынан алғыс хаттармен «Еңбек жолы» республикалық сайысының қатысушылары марапатталды. Солардың қатарында Мазутты вакуумдік айдау қондырғысының басшысы Руслан Ниязбеков («Жұмыскер жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша), Еңбекті қорғау бөлімінің басшысы Бақыт Әліқұлов пен Технологиялық қондырғылар операторы Мұхамедәли Әліқұлов («Үздік еңбекші әулет» номинациясы бойынша) және Ашық мұнай өнімдерін тауарлық өңдеу өндірісінің операторы Бауыржан Табылдин («Өндірістің үздік жас қызметкері» номинациясы бойынша) болды.
Іс-шара соңына қарай зауыт қызметкерлері тағы бір қуанышты сәттің куәсі болды. Кәсіпорынның бірқатар жұмысшысына тұрғын үй сатып алу үшін несие алу құқығын беретін куәліктер табысталды. Кәсіпорынның ұсынып жатқан мүмкіндіктері арқасында 30 мұнай өңдеуші өздерінің басты армандарын жүзеге асыру, яғни баспаналы болу мүмкіндігіне ие болып отыр. Осыған орай, куәлікке қол жеткізгендердің бірі, Мұнайды терең өңдеу өндірісінің технологиялық қондырғылар операторы Жұман Медіғат алған әсерімен бөлісті. Оның ойынша, бұл ПМХЗ-ның сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде әр жұмысшысына көрсеткен қамқорлығы болса керек.
Жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі
«Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС
Фотосурет: Михаил Брюховец