ТОО «Павлодарский нефтехимический завод»
20.01.2023
492 просмотров
ПМХЗ қызметкері еңбекті қорғау саласына ең үздік инновациялық идея ұсынды

«ПМХЗ» ЖШС Мұнайды терең өңдеу өндірісінің компрессорлық қондырғылар машинисі Максим Быченко «“ҚазМұнайГаз” компаниялар тобының арасында денсаулық, еңбек және қоршаған ортаны қорғау саласындағы үздік инновациялық идеялар мен тәжірибелер» байқауының жеңімпазы атанды.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниялар тобының қызметкерлері арасындағы бұл байқау қызметкерлерге өндірістік үрдістердің максималды қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәсіпорындарда жарақаттануды болдырмау, сондай-ақ компаниялардың өндірістік қызметінің қоршаған ортаға жағымсыз әсерінің деңгейін төмендету бойынша үздік идеяларын ұсыну мүмкіндігін беру мақсатында жыл сайын өткізіледі. Байқау нәтижесінде үздік болып танылған идеялар кәсіпорындарда енгізіліп, оң нәтижелерін беруде.

2022 жылы ҚМГ-ның 16 еншілес компаниясы мен тәуелді ұйымы қатысуға 95 өтініш берді. Көп жұмыстың арасынан 3-ақ жеңімпаз таңдалды. Бірінші орынды Павлодар мұнай-химия зауытының Мұнайды терең өңдеу өнщдірісінің компрессорлық қондырғылар машинисі Быченко Максим қанжығасына байлады. Оның идеясы – кәсіпорында қызыл сызық ережесін іске асыру. Жоба ең алдымен қызметкерлерге өз әрекеттері мен өмірлері үшін жауапкершілікті сезіну қажеттігін еске сала отырып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін маңызды болып табылады. Автор қауіпті өндірістік нысандарға кірер алдында қызыл сызық сызуды ұсынады. Қызыл сызықтың қызметі – жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолданылатын жеке қорғаныс құралдарын тексеру маңыздылығына назар аударуға шақыру.

Быченко Максимнің айтуынша, Павлодар мұнай-химия зауытында жұмыс істеп жүрген 5 жылдың ішінде бұл оның аталмыш байқауға екінші рет қатысуы. Жеңіске жеткізген идея жұмыскердің ойына ауруханадағы ота жасау бөлімі мен қауіптілік деңгейі жоғары өндірістік объектілердің арасындағы ұқсастықты түсінуден келді. Екі жерде де бекітілген ережелердің қатаң сақталуын қадағалау өте маңызды. Себебі ағаттықтың ақысы – адам өмірі. Зауыт қызметкері идеясының туған зауыт төңірегінде де, байқаудың комиссия мүшелерінің арасында да жоғары бағаланғанына дән риза. Жас жұмыскердің ойында әлі талай идеялары жүр. Оларды бұл сияқты сайыстарда ПМХЗ атынан ұсыну – маманның алдағы уақытқа қойған басты мақсатының бірі.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев қол қойған, ізгі тілектер жазылған Құрмет грамотасын Быченко Максимге бас директордың орынбасары-бас инженер Саятай Әліпбаев салтанатты түрде табыс етті.

«Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-ның

жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі

Будьте в курсе последних
новостей. Подпишитесь
на рассылку!
Подписаться