Бұл қызметтің нәтижесінде технологиялық өндірістердің сенімді және үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, шығарылатын өнімнің сапасын арттыру, энергия тиімділігін қамтамасыз ету, техникалық процестерді автоматтандыру, қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экологиялық нормаларды сақтау мақсатында бағдарламалар мен жол карталары әзірленді.
Олардың арасында – 2021-2027 жылдарға арналған өндіріс үшін аса маңызды компрессорларды ауыстыру бағдарламалары, 2019-2027 жылдарға арналған ескірген сорғы-компрессорлық жабдықтарды ауыстыру бағдарламалары, энергетикалық жабдықтарды техникалық қайта жарақтандыру бағдарламалары және т.б.
ҚМГ Ғылыми-техникалық кеңесінің шешімімен 2019-2023 жылдарға арналған «ПМХЗ» ЖШС қондырғыларының үздіксіз және сенімді жұмысын қамтамасыз ету бағдарламасы бекітілді.
Зауыттағы маңызды нысандардың бірі – Бу-ауамен қамтамасыз ету цехының ауалық компрессорлық станциясы (әрі қарай – АКС). «ПМХЗ» ЖШС өндірістерін ауамен үздіксіз қамтамасыз ету – зауыт жұмысының маңызды бөлігі. Ауа тек технологиялық процестер үшін ғана емес, сонымен қатар өлшеу және бақылау құралдары мен қорғаныс құралдарының жұмысында да қолданылады. Оның тұрақты жеткізілуі «ПМХЗ» ЖШС-ның барлық технологиялық нысандарының жұмысын қамтамасыз етеді. Сондықтан ауа айдайтын жабдықтарға ерекше назар аударылады.
2015 жылы АКС-қа тәжірибе ретінде Италияның «Ingersoll Rand» компаниясы шығарған Centac С700 маркалы жаңа компрессоры (К-1 позициясы) орнатылған болатын. Агрегаттың алты жылға жуық жұмыс істеген мерзімі ішінде бұл жабдықтың бірде-бір ақауы тіркелмеген. Бұл – оның сенімділігінің айқын дәлелі.
2021 жылы кәсіпорында өндіріс үшін маңыздылығы жоғары қалған АКС компрессорларын жаңарту жобасы басталды. 2023 және 2024 жылдар аралығында орын алған жаңартудың екі кезеңі барысында жалпы 4 компрессор ауыстырылды. Жаңа құрылғылар олардың қауіпсіз пайдалану мен қызмет көрсету процесін айтарлықтай жеңілдететін интеллектуалды басқару жүйесімен жабдықталған. Жаңа жабдықтар электр энергиясына жұмсалатын шығындарды азайтатын тұтынылатын энергияны тиімді пайдалану мен сығылған ауаның көп мөлшерін өндіруге мүмкіндік береді. Компрессорларды ауыстыру техникалық қызмет көрсету шығындарын (сервис) азайту және салқындату үшін қолданылатын судың пайдаланылу мөлшерін кеміту (2 еседен артық) сынды қосымша экономиялық нәтижеге әкеледі.

Бұл жобаның жүзеге асырылуы ПМХЗ қызметінің сенімділігін арттыру және апатсыз жұмысын қамтамасыз ету сияқты негізгі мақсаттардың орындалуымен сипатталады және кәсіпорынның келешек дамуына қосқан үлесі болып табылады. Бұл дегеніміз ПМХЗ ұзартылған жөңдеу аралық кезеңге өтіп, жаңа қондырғыларды салумен айналысады. Оның ішіндегі Мерокс жобасы шығарылатын сұйылтылған көмірсутек газдарының сапасын арттыруға және қысқы дизель отынын шығару мақсатында дизель отынын гидротазалаудан өткізуге бағытталған. Заманауи компрессорларды іске қосу арқылы «ПМХЗ» ЖШС жаңа өндірістердің салынуы нәтижесінде кеңейіп, шығарылатын өнімнің сапасын арттырып, Қазақстанның ішкі нарығын ЖЖМ-мен тұрақты түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«ПМХЗ» ЖШС жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі
Фото – Илья Величко