Жарияланымдар сериясын технологиялық қондырғылар (ТҚ) операторы ашады. Бұл — мұнай шикізатын өңдейтін технологиялық қондырғылардың жұмысын бақылайтын маман. Оператор бақылау-өлшеу құралдары арқылы жабдықтың температурасы, қысымы және басқа да жұмыс көрсеткіштерін қадағалайды. Басқару пульті арқылы шикізаттың, реагенттердің, электр энергиясының қондырғыларға берілуін реттейді.
ТҚ операторының міндеті – көрсеткіштердің нормативтен ауытқуына жол бермеу, процесс ауытқуларын жою және өндіріс циклдарының үйлесімділігін қамтамасыз ету.
Оператор соңғы өнімнің сапасын бақылау үшін шикізат үлгілерін алып, талдайды. Талдау нәтижелері мен ауысымдағы жұмыс көрсеткіштері техникалық құжаттамаға тіркеледі.
Технологиялық қондырғылар операторы болу үшін өндіріс профиліне сәйкес техникалық және кәсіби білім алу қажет. Мысалы, Павлодар химия-механикалық колледжінде «Мұнай және газды өңдеу технологиясы» мамандығы бойынша «техник-технолог» біліктілігі немесе Торайғыров университетінде «Органикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандығы бойынша техника және технология бакалавры дәрежесі сай келеді.
Жазбаларымызды бақылап жүріңіз! Келесі жарияланымдарда зауыттағы басқа да маңызды мамандықтар – компрессорлық қондырғылар машинистері, технологиялық сорғы машинистері, электрмонтерлер, прибористер мен тауар операторлары туралы айтып береміз.
«Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-ның жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі