Әлімжан Түсіпбеков 1906 жылы Павлодар облысының Сарышығанақ ауылында дүниеге келген. Соғысқа дейін Калинин атындағы кеңшардың алғашқы бас бухгалтері болып жұмыс істеді. 1941 жылдың 24 шілдесінде әскерге шақырылып, майданға аттанды. Ұзақ жылдар бойы хабарсыз кеткендер қатарында саналып келді. Соған қарамастан оның есімін отбасы да, туған жерінің халқы да ешқашан ұмыт қылған емес. Бізге белгілі деректерге сәйкес анасының аты Қалыш болған. Артында сүйген жары – менің үлкен әжем және екі ұлы – атам Мәжіт пен інісі Қабылғазы қалған. Атам Мәжіт әке жолын қуып, бас есепші болса, Қабылғазы агроном болып қызмет етті, бос уақытында өлең жазумен айналысты. Оның әр жылдары шыққан жыр жинақтары бар. Өлеңдерінде әкесіне деген сағынышын да жиі жырлаған.
Тек 1995 жылдың мамыр айында ғана отбасымыз Ұлы Отан соғысында қаза тапқан және хабарсыз кеткен жерлестердің есімдерін мәңгілікке есте қалдыру мақсатында жазылған Бекболат Хазыровтың «Боздақтар» кітабының арқасында шындықты білді. Автор Ұлы Отан соғысында қаза тапқан және хабарсыз кеткен павлодарлықтарды мәңгі жаңғырту үшін ауқымды зерттеу жұмысын жүргізді. Ол үлкен атамның әскери құжатын Ресей Федерациясының мемлекеттік архивінен тауып, отбасымызға үлкен үміт сыйлады. Осы ақпараттың арқасында отбасымыз Әлімжан Түсіпбековті қайдан іздеу керектігін түсінді.
Әлімжан Түсіпбеков 17-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының 45-ші гвардиялық атқыштар полкінің құрамында алғы шепте шайқасты. Ол Мәскеу үшін болған қорғаныс ұрыстарына қатысып, 1942 жылдың тамызында Тверь облысындағы Пушкари ауылында болған ауыр шайқаста ерлікпен қаза тапқан.
Атам Мәжіт әкесінің қайда жерленгенін анықтауға тырысып жүрген еді, бірақ бұл арманын жүзеге асыру оның балаларына бұйырды. 2004 жылы менің туыстарым – Ерлан Әлімжанов пен Бақытжан Түсіпбеков балаларымен бірге Ресейге, Белый қаласына барып, сол жердегі бауырластар зиратынан өз бабаларын тапты. Олар мемориалға естелік тақта орнатып, қабіріне бір уыс қазақ топырағын салды.
Туған туысқандарымыздың және іздеу тобының бірлескен жұмысы нәтижесінде біздің әулетке сол дивизияда қызмет еткен ардагердің хаты келіп жетті. Оның майдандас досы Владимир Семёнов жазған хатында Түсүпбековтің қандай батыр болғанын еске алды: «Ол танкіге қарсы мылтықпен жау танкілерін жойып, соңына дейін шегінбей, өз позициясын ұстап тұрды. «Үлкен ТҚҚ-ны бір солдат тасиды, кішкентай қазанды екі солдат жейді»,- деп жиі әзілдейтін.
Бұл жай ғана сапар емес, бұл естелік алдындағы борыштың өтеуі болды. Туыстарым бабамыздың бейітінен бір уыс топырақ алып, оны Павлодар облысындағы ұлдарының зиратына апарып салды. Сонымен қатар шайқас болған жерден әкелінген каска, фотосуреттер, ашық хаттар мен сол бір уыс топырақ естеліктің киелі символы ретінде мектеп музейіне тапсырылды.
Менің көкем Қанатбек Түсіпбеков және әкем жыл сайын Ақсу ауданы, Қызылжар ауылында ардагер ұрпақтарының басын қосып, естелік кездесулер ұйымдастырып отырды. Олар әркез әкімдіктің және өз аттарынан сыйлықтар таратып, қаза тапқан қаһармандарға құрмет көрсетіп келеді. Сол ауылдағы обелискіге жаңа есімдер қосылып, ескерткіш абаттандырылды. Сонымен қатар бабамыз туралы деректі фильм де түсірілді.
Әлімжан Түсіпбековтің есімі бүгінгі күні жай ғана архивтегі ека ауыз сөз емес. Ол мектеп музейлерінде, обелисктерде, Жеңіс күніне арналған жыл сайынғы билбордтарда жаңғырып тұр. Бұл – отбасымыздың тарихының бөлшегі, біз үшін және келер ұрпақ үшін мақтаныштың символы.
Осындай әрбір тағдыр – ерліктің ұмытылмағанының дәлелі. Бұл – сүйіспеншілік пен адалдықтың, отбасы жадынан уақыттың да күші асып түсе алмайтынының белгісі. Бұл – нағыз патриотизмнің үлгісі, жүректен жүрекке, ұрпақтан ұрпаққа жеткен естелік.
Батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмас!
«ПМХЗ» ЖШС-ның Жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі