ТОО «Павлодарский нефтехимический завод»
19.05.2025
56 просмотров
Павлодарлық оқушылар ПМХЗ-ның өндірістік үдерісімен танысты 2025 жылдың 14 мамырында Павлодар мұнай-химия зауытында ерекше әрі тағылымды кездесу өтті. Жұмысшы мамандықтар жылына орай ұйымдастырылған бұл шарада №2 мектептің 9-сынып оқушылары мұнай әлеміне алғашқы сапарын жасады.
Болашақ мамандар арнайы автобуспен зауытқа жеткізіліп, қауіпсіздік ережелері бойынша кіріспе нұсқаулықтан өтті. Содан кейін экскурсия басталды: жастар білім беру орталығының аудиторияларында болып, заманауи жабдықталған компьютерлік сыныпты, бай қоры бар кітапхана мен зауыттың тарихынан сыр шертетін музейді аралады.

Іс-шара барысында оқушыларға зауыт қызметкерлері – С.Т. Жакупова, Н.В. Воробьёв, О.В. Окульская, Ю.Ю. Халева, А.А. Нұрғалиева және Ж.Р. Жакенова бағыт-бағдар беріп отырды. Олар балаларға тек нысандарды көрсетіп қана қоймай, зауыттың өткені мен бүгіні, кәсіби тәжірибе жайлы қызықты деректермен бөлісті.

Экскурсия мұнымен шектелген жоқ. Келесі аялдама – Павлодар химия-механикалық колледжі. ПМХЗ-ның әлеуметтік серіктесі саналатын бұл оқу орны оқушыларға зертханаларын көрсетіп, технопаркті аралатты. Мұнда балалар өндірістік білім берудің нақты қалай жүзеге асатынын өз көздерімен көрді.

Айта кетейік, мұндай кездесулер ПМХЗ-да дәстүрге айналған. Кадрларды оқыту және дамыту бөлімі әр тоқсан сайын осындай экскурсиялар ұйымдастырып отырады. Бұл – жастарды кәсіби бағытқа бейімдеудің, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтерудің, сондай-ақ өндіріс пен білім беру арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың нақты көрінісі.

«ПМХЗ» ЖШС-ның жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі
Фото – Илья Величко
Будьте в курсе последних
новостей. Подпишитесь
на рассылку!
Подписаться