«Павлодар мұнайхимия зауыты» ЖШС
Сарыарқа самалы газетінде Қаныш Демесінов туралы: Ердің еңсесін еңбек көтереді

7 просмотров
Сарыарқа самалы газетінде Қаныш Демесінов туралы: Ердің еңсесін еңбек көтереді Биыл өндіріс саласында еңбек етіп жатқан жастардың кәсібі қоғам арасында жан-жақты танылып келеді. Бұл жылдың арналуына байланысты жұмысшы мамандықтардың мәртебесі артып, өскелең ұрпақтың техникалық қызметке қызығушылықтарын арттырып, мамандық таңдауына әсер ететіні сөзсіз. Осы ретте, Павлодар мұнай-химия зауытының қызметкері, спорттық сайыстардың жеңімпазы Қаныш Демесинов мансап жолындағы қызықты да қиын сәттерімен бөлісті.
Қаныш Демесінов Павлодар мұнай-химия зауытында 10 жылдан астам еңбек етуде. Өндірістегі еңбек жолын құрылыс бөліміндегі төртінші разрядты бетоншы қызметінен бастаған. Алғаш алған білімі өндірістік және азаматттық құрылыс мамандығына сай мансап жолын жалғастыруды жөн көреді. Алайда бір жылдан соң ауыр мұнай қалдықтарын қайда өңдеу цехына үшінші разрядты құю-қотару қызметіне ауысады. Осы кезден мұнай-химия саласына деген қызығушылығы арта түсіп, органикалық заттардың химиясы және технологиясы мамандағы бойынша екінші жоғары біліміне түсіп, кәсіптік деңгейін көтереді. Аталмыш цехқа үш жылдай еңбегі сіңіп, кейін оператор-тауар меңгерушісі қызметіне келеді. Онда екі жыл тәжірибе жинап, әрі қарай көкжиегін кеңейтуді жөн көрген ол қызмет сатысында ілгері басып, бүгінде мөлдір түсті мұнай өнімдерін құю-қотару эстакадасының басшысы қызметін атқарып келеді.

IMG_0773.jpg

– Күнделікті жұмыс барысында мөлдір түсті мұнай өнімдерін мазут вагон цестерналарына құю үрдісін ұйымдастырып, бақылаймын. Жұмысымызда әсіресе техникалық қауіпсіздікке баса мән береміз. Өндірістің қауіпсіздік ережелерін қатаң ұстанған кезде ғана жазатайым оқиғалардың алдын алуға болады. Бүгінде қарамағымда 56 адам қызмет етеді. Сондай-ақ, еңбек ететін аумағымыз кең, күрделі жабдықтар үнемі іске қосулы. Сондықтан мұндай кәсіп аса байқампаздық пен үлкен жауапкершілікті талап етеді, – дейді белсенді қызметкер Қаныш Демесінов.

24_page-0001.jpg

Иә, қазіргі заманда мұнай-газ саласы – еліміздің экономикалық дамуының негізгі көрсеткіші. Оның ішіндегі жарық мұнай өнімдерін құю-қотару мамандығы маңызы зор кәсіптердің қатарында. Осы қызметте жұмыс істейтін мамандардың еңбегі арқасында өндірілген мұнай тұтынушыларға еш қауіпсіз әрі сапалы түрде жеткізіледі. Яғни бұл кәсіп өндірістің ажырамас бөлігі.

Зауытқа достарының кеңесімен келген мұнай өнімдерін құю-қотару эстакадасының басшысы жұмысқа тез арада араласып, ұжымдағы әріптестерімен бірден тіл табысты. Үздіксіз қызмет ететін өндіріс үнемі жабдықтарын жаңартып, заманауи технологиялармен қатар жұмыс барысында жаңа тәсілдерді қолданудан жалықпайды. Қаныш Демесінов те біліктілігін арттыруға ұмтылып, кәсіпорын ұсынатын оқытуларға белсенді қатысады. Сондай-ақ, Павлодар қаласындағы баскетбол құрамасының бұрынғы ойыншысы «ҚазМұнайГаз», «Самұрық-Қазына» компаниялары ұйымдастыратын спорттық жарыстарда бақ сынасып, бірнеше рет жүлделі орынға ие болған.

Өз ісінің белді маманы өмірлік жарымен бір ұл, бір қызды тәрбиелеп осындай мәртебесі зор, болашағы жарқын кәсіппен айналасытынын мақтаныш етеді.


Автор - Салтанат Ғаббас, Сарыарқа самалы, 30 қазан 2025, 24 бет.
Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз! Жазылу