1934 жылдың 17 желтоқсанында Украинада дүниеге келді. 1956 жылы Куйбышев индустриялық институтын «мұнай мен газды өңдеу технологиясы» мамандағы бойынша үздік дипломмен бітірді.
Виктор Исаевич технологиялық қондырғылардың операторынан бастап зауыт директорына дейінгі еңбек жолынан өтіп, өз ғұмырын мұнай өңдеу саласына арнады. Негізінен осы адамның арқасында Ертіс өңірінде жаңа бірегей кәсіпорын - Павлодар мұнай-химия зауыты (ПМХЗ) бой көтерді.
1971 жылғы 14 мамырда салынып жатқан Павлодар мұнай-химия зауытының директоры лауазымына тағайындалды. 1971-1978 жылдары жаңа кәсіпорынның құрылысына жауапты болды. 1978 жылғы 2 қыркүйектен бастап еліміздің жұмыс істеп тұрған зауыттар қатарына қосылған ПМХЗ бірінші директоры болып, оны 1981 жылға дейін басқарды.
1978 жылы оның басшылығымен зауыттың бірінші кезегі – қуаты жылына 6 млн тонна өңдейтін ЛК-6У мұнайды бастапқы өңдеу кешені, сондай-ақ күкірт өндіру қондырғысы пайдалануға тапсырылды. Бір жылдан кейін күкірт және битум өндіру қондырғылары іске қосылды.
Оның жәрдемдесуімен кәсіпорынға жоғары білікті мамандар шақырылды. Виктор Исаевич инжернерлік-техникалық корпусты қалыптастырды және бас инженер А.Н.Белоусовпен бірігіп, павлодарлық мұнай өндірушілердің бірегей кәсіби ұжымын құрды.
Зауыттағы жұмыстан кейін Қазақ КСР мемлекеттік жоспарлау комитетінде қызмет етіп, мұнай өңдеу өнеркәсібіне жетекшілік етті. Өзінің қажырлы еңбегі үшін үкімет наградасы – «В.И. Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының мұнай-газ кешенінің дамуына қосқан үлесі үшін Қазақстан Республика Энергетика министрлігінің «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» № 001 медалімен марапатталды.
Виктор Исаевич Павлодар МХЗ-дағы қызметі өмірінің ең айтулы кезеңі болғанын атап өтті.
ДАНБАЙ Шухрат Әбдірашитұлы, «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС бас директоры
1963 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласында дүниеге келді. «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша «Қайнар» университетін (Алматы қ.), Халықаралық бизнес академиясын тәмамдады, экономика ғылымдарының кандидаты, іскерлік әкімшілеу докторы (DBA).
Мұнайды жеткізу және өңдеу, мұнай өнімдерін көтерме-бөлшек сату бойынша ірі коммерциялық құрылымдарды басқарды. 2003 – 2006 жылдары «Павлодар мұнай-химия зауыты» АҚ бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. 2006 – 2008 жылдары – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның мұнай-химия және мұнай өңдеу блогының атқарушы директоры. 2009 жылғы қыркүйекте «Павлодар мұнай-химия зауыты» АҚ бас директоры болып тағайындалды.
Шухрат Әбдірашитұлы Данбай – тәжірибелі, жауапты басшы. Оның тікелей басшылығымен кәсіпорынның тұрақты жұмысы қамтамасыз етілді, мұнай өңдеу мен мұнай өнімдері өндірісінің көлемдері ұлғайтылды. 2009 жылдан бастап ПМХЗ мұнайды өңдеу және өнім шығару жөніндегі өндірістік бағдарламаны жыл сайын табысты орындап келеді.
Шухрат Әбдірашитұлы басшылық еткен кезең ішінде «ПМХЗ-ны жаңғырту» – ең ауқымды жобаны іске асыру басталды. Оның қатысуымен жұмыс істеп тұрған жабдықтарды реконструкциялау және жаңа қондырғыларды орнату бойынша үлкен жұмыс атқарылып жатыр, бұл 2017 жылдың өзінде К4 экологиялық класқа сәйкес келетін мотор отындарын шығаруға мүмкіндік беретін болады.
Өндірістік міндеттемелерді орындаудан басқа, Ш.А. Данбай қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Шухрат Әбдірашитұлы – «Павлодар өңірінің бокс федерациясы» ҚБ мен «Ертіс» хоккей клубының президенті, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Павлодар облыстық филиалының саяси кеңес бюросының мүшесі, Павлодар облыстық мәслихаты V-VI шақырылымдарының депутаты, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің химия және химиялық технологиялар кафедрасының құрметті меңгерушісі, мұнай химиясы және мұнай өндіру саласын дамыту жөніндегі халықаралық және республикалық конференциялар, семинарлар, симпозиумдардың қатысушысы.
«Құрмет» орденімен, «KAZENERGY», «Жастарды патриоттыққа тәрбиелеу еңбегі үшін» медальдарымен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Павлодар облысына 75 жыл», «Зауытқа 35 жыл» мерейтой медальдарымен, «Облыс алдындағы еңбегі үшін» құрмет белгісімен марапатталған. «Павлодар қаласының құрметті азаматы» атағына ие болды.