Мұрат Жабағин – осындай жұмысшы мамандықтары бірінің лайықты өкілі. Атырау МӨЗ-іне 2001 жылы еңбек етуге келді.
Ол ЖЭС-ке қазандық жабдықтарды жөндеу слесарі ретінде қабылданды. Білікті инженер-механик бұған дейін Облгазда слесарь, «АтырауГазМонтажда» - механик болып жұмыс жасады. Зауыттық жылуэлектрорталықтың ұжымы Мұратты жылы қабылдады, соның арқасында ол жұмыс тәртібіне тез-ақ үйреніп кетті. Жолы болып, жақсы ұстаздарға да кезікті. Слесарьлар Владимир Николаевич Бердинских және Серік Түлеков қажетті кеңестері мен нұсқауларын аямады. Бүгінде, зауытта 15 жыл жұмыс істегеннен кейін, Мұраттың өзі де жастарды үйретуде. Шәкірттерінің бірі – Руслан Қарышев – салынып жатқан мұнайды терең өңдеу зауытында өзінің кәсіби шеберлігін жетілдіруде.
Қазіргі кезде Мұрат Жабағин қазандық жабдықтарды жөндеу жөніндегі шебері. «Мен жөндеуді қажет ететін жабдықтың ақаулы тізімдемесін жасақтаймын және ол бойынша мердігерлерге тапсырамын. Жұмыстар аяқталған соң, жабдықты қабылдап аламын, - деді өз жұмысын сипаттаған кейіпкеріміз. – Жөндеуге белсенді атсалысамын, яғни оны сапалы жүргізу бойынша ұсыныстар айтамын. Жуырда ғана №11 қазандық пен №4 қорек сорғысының жөндеу жұмыстарын аяқтадық».
Көп сөйлемейтін, бірақ өз ісін жетік меңгерген Мұрат өз мамандығын мақтан етеді және таңдаған мамандығына ешқашан өкінген емес. Жастайынан еңбекке баулып өсті. Әкесі Соғысхан Жабағин өз өмірін теміржол саласына арнады, анасы таксопаркте еңбек етіп, сол жерден зейнеткерлік демалысқа шықты. Мұраттың айтуынша, еңбек адамның мәртебесін өсіріп қана қоймай, жаңа күш, энергия береді, келешегіңді бағдарлайды. Жанұяның құт-берекесін де келтіреді. Жұбайы Алмагүл екеуі Руслан және Рустам атты екі ұл тәрбиелеп отыр. Бірі қазақ-түрік лицейінде, екіншісі - №21 мектепте оқиды.
Біздің балаларымыз – бұл Қазақстанның болашағы, дейді Мұрат. Олар тәуелсіз Қазақстанда туылып, өз мемлекетті үшін еңбек етулері тиіс. «Тәуелсіздік әрбір қазақстандыққа көп нәрсе берді. Жаңа мүмкіндіктер ашылды. Әл-ауқатымыз жақсарды. Әркім өзі үшін жұмыс істеуге, бизнесін дамытуға құқылы. Біз балаларымызды елімізде ғана емес, шетелде де оқыта аламыз. Өмір сүру деңгейі жоғарылады, бұны мойындауымыз керек. Бұның барлығы үкімет жүргізіп отырған экономикалық саясаттың, әрқайсымыздың еңбегіміздің арқасында – дейді Мұрат. – Зауытымыздың болашағы да зор. Қараңызшы, жаңғырту қарқынды жүріп жатыр, қазіргі заманғы керемет қондырғылар салынуда. Өсу үшін де, тырысу үшін де мақсатымыз бар».