«Павлодар мұнайхимия зауыты» ЖШС
17.12.2025
8 просмотров
Павлодар мұнайхимия зауыты пластикалық қалдықты азайтқаны үшін Smart Plastic Zone алтын сертификатына ие болды Павлодар мұнайхимия зауыты (ПМХЗ) Smart Plastic Zone республикалық экологиялық бастамасы аясында алтын белгімен марапатталды. Кәсіпорын пластик қалдықтарымен ластануды азайту мәселесін жүйелі түрде шешуде Қазақстандағы көшбасшылардың бірі ретінде танылды. Өндіріс алаңында қалдықтарды сұрыптау ғана енгізіліп қоймай, экологиялық жауапкершілік мәдениеті мақсатты түрде қалыптастырылып келеді.
ПМХЗ жауапты бизнесті біріктіріп, пластикалық ізді қысқартуды басым бағыттардың қатарына қоятын Smart Plastic Zone ұлттық экологиялық жобасының Gold деңгейіндегі құрметті сертификатына ие болды. Зауыт – 2025 жылы осындай жоғары бағамен марапатталған еліміздегі алғашқы өнеркәсіптік кәсіпорындардың бірі.


Кәсіпорында қалдықтарды басқарудың кешенді бағдарламасы іске асырылуда, оның негізгі элементі – бөлек жинау жүйесі. Әртүрлі қалдық түрлеріне арналған арнайы контейнерлер өндірістік, әкімшілік және тұрмыстық үй-жайларда орналастырылған, ал ортақ пайдаланылатын аймақтарда белгіленген жәшіктер орнатылған. Инфрақұрылым кезең-кезеңімен жаңартылып, барлық кеңсе аймақтарын қамтуда. Жиналған барлық қайталама материалдар (қағаз, шыны, металл, пластик) тек лицензияланған қайта өңдеушілерге тапсырылады. Жіберілер алдында қалдықтар тазалығы мен дұрыс сұрыпталуы бойынша қатаң тексеруден өтеді, бұл шикізаттың сапасын қамтамасыз етіп, оны әрі қарай өңдеуді жеңілдетеді.


ПЭТ-қаптаманы жинауға ерекше көңіл бөлінеді. Зауытта тұрақты есеп жүргізіледі: 2021 жылы – 0,47 тонна, 2022 жылы – 8,41 тонна, 2023 жылы – 1,37 тонна, 2024 жылы – 0,75 тонна жиналса, 2025 жылдың ағымдағы кезеңінде бұл көрсеткіш 0,32 тоннаға жетті.

Процесті ұйымдастыру корпоративтік мәдениетті дамыту арқылы толықтырылады. Экологиялық қауіпсіздік және қалдықтармен дұрыс жұмыс істеу тақырыбы жаңа қызметкерлерге арналған міндетті кіріспе нұсқамаға және біліктілікті арттыру бағдарламаларына енгізілген. Қалдықтарды басқару бойынша ішкі регламенттерді сақтау міндеті әрбір қызметкер танысатын лауазымдық құжаттарда бекітілген. Сонымен қатар, ПМХЗ бір реттік пластиктен кезең-кезеңімен бас тартуда: зауыттың барлық бес асханасында тек көп рет қолданылатын ыдыс пайдаланылады.


Экологиялық жауапкершілік зауыттың даму стратегиясының ажырамас бөлігі болып табылады. ПМХЗ қатты қалдықтарды өз жинақтағыштарында көму тәжірибесінен толық бас тартуға ұмтылып, аумақ пен санитарлық-қорғау аймағын абаттандыруға айрықша көңіл бөледі және Қазақстанның өңірлік экологиялық бастамалар қауымдастығы – ECOJER-дің мүшесі болып табылады.

Алынған Smart Plastic Zone алтын сертификаты ПМХЗ-дағы жоғары экологиялық стандарттардың формальдылық емес, күнделікті тәжірибе мен кәсіпорынның ұзақ мерзімді саясатының бір бөлігі екенін айқын дәлелдейді.


«ПМХЗ» ЖШС жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі
 Фото: Е. Лобашевская.
Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз! Жазылу