«Павлодар мұнайхимия зауыты» ЖШС
31.12.2025
2 просмотров
ПМХЗ мамандары ЭЛМТГ-ның қауіпсіздік, предиктивті қызмет көрсету және тәуекелдерді мониторингілеу саласындағы тәжірибесімен танысты «Эр Ликид Мұнай Тех Газдары» ЖШС (ЭЛМТГ) ҚМГ, ПМХЗ, АМӨЗ және KPI департамент басшыларымен предиктивті қызмет көрсету жүйелерін және қауіпсіздік стандарттарын енгізу бойынша білімдерімен бөлісті.
Астанада өткен сессияда сарапшылар Air Liquide компаниясының Қазақстандағы нысандарда еңбекті қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау (HSE) саласындағы жетістіктері туралы айтып берді.

Атап айтқанда, HSE блогы аясында компанияның технологиялық тәуекелдерді басқару жөніндегі өкілі Марулан Алшынбаев, HSEQ-RM менеджері Тарас Кондратенко және еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі инспектор Альбина Галимова келесі кейстерді таныстырды:
∙             Күрделі жөндеу кезеңіндегі ауысым алдындағы медициналық куәландыру (АМК). Павлодар мен Атырау алаңдарындағы 2025 жылғы тәжірибе мердігер ұйымдардың қызметкерлері үшін АМК-ның тиімділігін көрсетті. Ауысым алдында физиологиялық көрсеткіштерді және сергектікті бақылау қауіпті жұмыстарға жіберу кезінде тәртіп бұзушылар үшін тосқауылға айналды;
∙             ATEX-аймақтарындағы цифрландыру: жарылыстан қорғалған телефондарды сатып алу және қолдану кезекші персоналға жабдықтың күйін лезде құжаттандыруға мүмкіндік берді. Бейнетіркеу қауіп-қатерлерді жедел бағалауға және оқиғалардың себептерін зерттеу мен персоналды оқыту үшін база жинақтауға көмектеседі;
∙             Персоналдық газдық бақылау: ЭЛМТГ қызметкерлері мен олардың мердігерлері үшін төрт компонентті газ анализаторларын (O2, H2S, CO, жанғыш газдар) енгізу төрт метр радиуста ауаны үздіксіз бақылауды қамтамасыз етеді және сол арқылы орындалатын тапсырмалардың түріне қарамастан жұмысшылардың жеке қауіпсіздігіне кепілдік береді.
Спикерлердің мәліметінше, бұл шешімдер денсаулық пен ортаны бақылау арқылы жарақаттану және апаттылық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.

Екінші тақырып мониторинг пен болжауға қатысты болды. БӨА және АБЖ (КИПиА и АСУТП) саласындағы жергілікті сарапшы Глеб Коршунов пен техникалық директор Қайыр Күленов іркілістерді болжау үшін БӨП және АБЖ деректерін талдайтын SIO.Predict жүйесін таныстырды. Жүйе реактивті жөндеуден болжамды техникалық қызмет көрсетуге көшуге мүмкіндік береді. ПМХЗ, АМӨЗ және KPI инженерлері үшін бұл «ерте хабарлау» құралы: алгоритмдер БӨА пен АБЖ жұмысын талдап, ауытқуларды ерте сатысында анықтайды. Практикалық пайдасы – жабдықтың жоспардан тыс тоқтап қалуының алдын алу және жөндеуаралық интервалдарды айтарлықтай ұзарту.

Сондай-ақ сессияда өзгерістерді басқару (MOC — Management of Change) мәселесі қаралды. ЭЛМТГ инженер-технологы Әліби Амантай жаңғырту кезіндегі тәуекелдерді бағалау алгоритмін талдап берді. Оның айтуынша, MOC-тың нақты регламентін енгізу кез келген техникалық ауыстырудың немесе технологиялық режимді түзетудің өндірістік алаңның тұтастығы мен қауіпсіздігін бұзбайтынына кепілдік береді.
ЭЛМТГ Бас директоры Габриэль Константин ұсынылған кейстердің жай ғана теориялық стандарттар емес, компанияның Павлодар мен Атыраудағы нысандарында сенімділік пен қауіпсіздікті арттырған нақты жұмыс істеп тұрған құралдар екенін атап өтті.

«Павлодар мұнайхимия зауыты» ЖШС жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі
Фото - ТОО «ЭЛМТГ»
Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз! Жазылу