«Біз туралы БАҚ» айдарын жалғастырамыз. Ertis TV өңірлік телеарнасындағы «Еңбек. Білім. Құрмет» бағдарламасының келесі кейіпкерлері ПМХЗ-ның үш қызметкері — Мақсим Быченко, Сергей Шубников және Ерлан Шахмарданов болды.
Бағдарламада өз еңбекқорлығымен танылған Ертіс өңірінің кәсіби мамандары жайлы баяндалады. Көрермендерге олардың күнделікті еңбегінің қыр-сыры таныстырылып, еңбек адамының шынайы бейнесі ашылады.
Мақсим Быченко 2018 жылдан бері ПМХЗ-да компрессор қондырғыларының машинисі болып жұмыс істейді. Ол еңбек жолын 4-разрядтан бастап, 5–6-разрядты білікті маман деңгейіне дейін өсті. Өз ісіне жауапты әрі мұқият маман ретінде танылған Максим зауыттық «Үздік компрессор қондырғыларының машинисі» байқауында бірнеше мәрте жеңіске жеткен. Ал 2025 жылы ол «KMG Skills» корпоративтік чемпионатында бірінші орын алып, зауыттың намысын абыроймен қорғады.
Сергей Шубников ПМХЗ-дағы еңбек жолын 2011 жылдан бастап келеді. Ол технологиялық қондырғылар операторы қызметінен қондырғы бастығына дейін өсіп, басқару қызметін тәлімгерлікпен және команда дамытумен ұштастырып жүр. Оның кәсіби біліктілігі өнеркәсіптік қауіпсіздік пен заманауи өндірістік жүйелер саласындағы көптеген сертификаттармен расталған. Сергейдің еңбегі басшылық пен салалық марапаттар арқылы бірнеше рет жоғары бағаланған.
Ерлан Шахмарданов зауытта 2004 жылдан бері мұнай өнімдерін құю-қотару учаскесінде еңбек етеді. 20 жылдан астам уақыт бойы оның жұмысы дайын өнімді жөнелту сияқты аса жауапты өндірістік процеспен байланысты. Көпжылдық тәжірибесі мен бейінді техникалық білімі оған бірнеше рет бригадир міндетін атқаруға мүмкіндік беріп, ұжым мен басшылықтың жоғары сеніміне ие болғанын көрсетеді.
БАҚ-та ұсынылған ПМХЗ қызметкерлерінің еңбек жолы туралы тарихтар — кәсіби өсудің, мамандыққа адалдықтың және үздіксіз дамуға ұмтылыстың жарқын үлгісі. Дәл осындай мамандар өндірістің берік негізін қалыптастырып, зауыттың мақтанышы болып табылады.