«Павлодар мұнайхимия зауыты» ЖШС
19.01.2026
19 просмотров
Павлодар мұнайхимия зауыты битум өндірісі бойынша рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізді
2025 жылы ПМХЗ 425 мың тоннадан астам битум шығарды және бұл көрсеткішті одан әрі арттыруға дайын. Кәсіпорынға барған ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр павлодарлық мұнай өнімінің елімізде ең жоғары сұранысқа ие болып қала беретінін атап өтті.


Роман Скляр Павлодар облысына жұмыс сапары аясында ПМХЗ-ға арнайы келді. Ол Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановпен бірге кәсіпорынның ағымдағы қызметімен және стратегиялық жобалардың іске асырылу барысымен танысты. Сонымен қатар, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары алдағы жылдарға арналған негізгі міндеттерді айқындады. «2025 жылы ПМХЗ 5 млн 765 мың тонна мұнай өңдеді, биылғы өңдеу көлемі де кемінде осы деңгейде болуы тиіс. Сондай-ақ жөндеу науқанының мерзімін қысқарту міндеті тұр», – деді Роман Скляр.

Павлодар мұнайхимия зауыты 2025 жылы Энергетика министрлігінің мұнай өңдеу бойынша өндірістік жоспарын 265 мың тоннаға асыра орындады. Операциялық әрекеттерді жақсартудың нәтижесінде 2025 жылғы мұнай өнімдерін өндіру көрсеткіштері келесідей қалыптасты:

* бензин – 1 670 000 тонна;
* авиаотын – 218 мың тонна;
* дизель отыны – 2 109 000 тонна;
* сұйытылған газ – 284 мың тонна;
* мұнай битумы – 426 мың тонна.
Бұл ретте мұнай өңдеу тереңдігі 93,95%-ға жетті, ал жеңіл мұнай өнімдерінің шығымы 74,34%-дан асты. Битум өндірісінің артуы зауыттың ең маңызды жетістіктерінің бірі болды.Айта кетерлігі, елде үлкен сұранысқа ие бұл өнімді шығару қаңтардың бірінші онкүндігінде осымен екінші жыл қатарынан басталып отыр.


2026 жылы ПМХЗ шикі мұнайды өңдеу көлемін 2025 жылғы деңгейден төмендетпеуді жоспарлап отыр. Ал жөндеуаралық кезеңді ұзартуға келсек, зауытта іске асырылып жатқан стратегиялық жобалар осы мақсатқа қол жеткізуге бағытталған.
Бұдан бөлек, ПМХЗ ауқымды қайта жаңғырту жобаларын, соның ішінде ауыр газойльдерді өңдеуге және жеңіл мұнай өнімдерінің шығымын арттыруға арналған SENIM-D жобасын жүзеге асыруда. Сонымен қатар кәсіпорында жасанды интеллект (ЖИ) шешімдерін пайдалана отырып, автоматтандыру және цифрландыру жүйелерін енгізу бойынша мастер-жоспар әзірленді.

ПМХЗ-ға кәсіпорынның тиімділігі мен технологиялық жабдықталуын арттыру бойынша жұмысты жүйелі жалғастыру тапсырылды.

«ПМХЗ» ЖШС жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі
Фото - Валерий Бугаев
Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз! Жазылу