«Павлодар мұнайхимия зауыты» ЖШС
29.01.2026
3 просмотров
ПМХЗ қызметкерлеріне полицейлер интернет-алаяқтарға қарсы тұру жолдарын түсіндірді Павлодар қалалық полиция басқармасының киберқауіпсіздік бөлімінің өкілдері интернеттегі алдаудың кең таралған тәсілдері туралы ақпарат берді. 
Киберқауіпсіздік бөлімінің қызметкерлері ПМХЗ ұжымымен кездесіп, интернет-алаяқтар қолданатын әдістер жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Павлодар қалалық полиция басқармасының киберқауіпсіздік бөлімі басшысының міндетін атқарушы Олжас Рашитовтың айтуынша, 2025 жылы Павлодар облысында цифрлық технологияларды пайдалана отырып жасалған алаяқтықтың екі мыңнан астам фактісі тіркелген. Ал 2026 жылдың қаңтар айында – 34 дерек анықталған. Сенгіш азаматтар көбінесе барлық қаражатынан айырылып, мүлкінен қағылады. Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру – мұндай шығындардың алдын алудың маңызды құралдарының бірі.

«Ерекше назарды алаяқтардың басты нысанасына айналып отырған отбасының егде жастағы мүшелеріне аудару қажет. Сондай-ақ салдарын ойламай, «дропперлікпен» айналысатын жасөспірімдер мен студенттер де қауіпті топқа жатады. Мысалы, олар өз банк карталарын 10 мың теңгеге сатып, кейін бұл шоттарды шетелдік қылмыскерлер өз мақсаттарына пайдаланғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады», – дейді Олжас Рашитов.
Жастар күмәнді қосымша табысты көбіне Telegram-арналар арқылы табады. Олар SIM-карталарды сатып алуға, оларды тіркеуге, қолма-қол ақшаны тасымалдауға келіседі. Ұйымдастырушылардың шетелде орналасуына байланысты оларды анықтау қиын, ал келтірілген шығынды көбіне еліміздегі сыбайластары өтейді.

Бүгінде алаяқтар алдаудың бірнеше схемасын қолданады, соның ішінде:
• тиімді «инвестициялар» (мысалы, «Қазатомөнеркәсіп» брендімен жасалған жалған платформалар);
• ҰҚК, полиция, емханалар, банктер, мемлекеттік органдар, «Қазпошта» атынан хабарласатын жалған қоңыраулар;
• 1414 нөмірі мен сілтемелер арқылы WhatsApp мессенджерін бұзу;
• интернет арқылы сатып алу және сату кезіндегі алаяқтық.

Егер алаяқтар сізді алдап кеткен болса, дереу құқық қорғау органдарына жүгіну қажет.


«Павлодар мұнайхимия зауыты» ЖШС жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі
Фото — Ирина Адылканова 

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз! Жазылу