«Павлодар мұнайхимия зауыты» ЖШС
16.02.2026
28 просмотров
«ҚазМұнайГаз» жұмыс тобы ПМХЗ-ның энергия тиімділігін арттырудағы тәжірибесіне оң баға берді Павлодар мұнайхимия зауытында энергетикалық ресурстарды тұтынуды оңтайландыру бойынша 20-дан астам іс-шара әзірленді және іске асырылып жатыр. Жобалар «ҚазМұнайГаз» АҚ бейінді жұмыс тобының алғашқы көшпелі отырысында зерделенді.
«ҚМГ» ҰК АҚ мұнай өңдеу кәсіпорындарының алдына энергия тиімділігін арттыру  міндеті қойылды. Ағымдағы жылы ЕII (Energy Intensity Index) энергия сыйымдылығы индексінің деңгейін 100-ге жеткізу қажет. «ҚМГ» ҰК АҚ, «ПМХЗ» ЖШС, «АМӨЗ» ЖШС, «ҚМГ Инжиниринг» ЖШС, «CaspiBitum» БК» ЖШС, «ПКОП» ЖШС өкілдерінен құралған жұмыс тобына бұл үдеріске жетекшілік ету тапсырылды.

Жұмыс тобы алғашқы көшпелі отырысты ПМХЗ-да өткізіп, зауытта іске асырылып жатқан, энергия ресурстарын тұтынуды оңтайландыруға бағытталған жобаларды зерделеді. Павлодар мұнайхимия зауыты энергия тиімділігі бойынша 26 іс-шараны жоспарлады және жүзеге асыруда.

Мәселен, 2023-2025 жылдары электр энергиясын тұтынуды төмендету бойынша тоғыз іс-шара орындалды. Мұнайды бастапқы (МБӨӨ) және терең өңдеу (МТӨӨ) өндірістерінің жылу алмастырғыштарында 37 ЖРТ (жиіліктік-реттелетін жетек) енгізілді, сумен жабдықтау және кәріз цехының модульдік қондырғысында сорғы ауыстырылды. 2025 жылғы шілдеде МТӨӨ абсорбциялау және газбен фракциялау қондырғысында                    ЦК-501 майлы газ компрессорлары орнатылды. Электр энергиясын тұтынудың жалпы төмендеуі 3,144 млн кВт-ты құрады.
Ауыр мұнай қалдықтары өндірісінің, күкірт өндірісі және жалпы зауыттық шаруашылықтың және БАЖ (бумен және ауамен жабдықтау) цехының бу құбырлары арматурасына термоқаптар орнату, битум шығару қондырғысында 90 бірлік конденсат алыстатқышты енгізу, П-402/1 қазанының қыздыру беттерін ауыстыру және МТӨӨ пештерінің отын газын қыздыруға жұмсалатын бу шығынын оңтайландыру есебінен жылу энергиясын пайдалануды азайтуға қол жеткізілді.

2025 жылға қарай технологиялық отынды және өндірістік қажеттіліктерге суды жалпы тұтыну көлемі де қысқарды. Энергия тиімділігін арттыру жұмыстары жалғасуда.
Көшпелі кеңеске қатысушылар тәжірибе алмасудың, өзекті және проблемалық мәселелерді тікелей қатынасу нысанында талқылаудың пайдалы болғанын атап өтті. Ал Павлодар мұнайхимия зауыты мамандарының тәжірибесін «ҚазМұнайГаз» АҚ басқа кәсіпорындарында, ең алдымен, мұнай өңдеу зауыттарында қолдануға болады. 

«Павлодар мұнайхимия зауыты» ЖШС жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі 
Фото – Ирина Адылканова, Андрей Матюшенко

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз! Жазылу