«Павлодар мұнайхимия зауыты» ЖШС
25.02.2026
8 просмотров
«ПМХЗ-ның тәжірибелі өндірісшілері жас әріптестерімен білім бөлісті» «ПМХЗ» ЖШС Жастар істері жөніндегі кеңесінің қатысушылары мұнай өңдеу саласының ардагері Қамариден Жүсіповпен және техникалық бөлім бастығының технология жөніндегі орынбасары Ахат Шарапиденұлымен кездесті. Мұндай іс-шара — тәжірибемен бөлісу және кәсіби білім алмасу және де өндірісті дамытудың өзекті мәселелері мен жас мамандардың мансаптық өсуін талқылау алаңы.

Қамариден Қамитұлы 32 жылдан астам уақытын зауытта өткізді. Өзінің кәсіби қызметінің басым бөлігінде С-300 шикізатты абсорбциялау және газбен фракциялау қондырғысында аға технологиялық қондырғылар операторы болып жұмыс істеп, жоғары шеберлік пен өз ісіне адалдықтың үлгісін көрсетті. Көпжылдық адал еңбегі үшін ол Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталып, зауыттың Құрмет тақтасына енгізілді, сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» медалімен және «Зауытқа 35 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. 2016 жылы лайықты зейнет демалысына шықты.


Ардагер өндірістің қалыптасу кезеңі туралы естеліктерімен бөлісіп, еңбек тәртібі мен жауапкершіліктің маңыздылығын айтты, сондай-ақ кәсіпорынның жетістіктері әрбір қызметкердің кәсіби қасиетіне байланысты екенін ерекше атап өтті.
Ахат Шарапиденұлы технологиялық қондырғылар операторынан техникалық бөлім бастығының технология жөніндегі орынбасарына дейінгі еңбек жолын өткерген басшылардың жаңа буын өкілі. Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ түлегі, С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың «Органикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандығы бойынша техника және технология магистрі Ахат Шарапиденұлы ПМХЗ-да 11 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде өзін білікті маман әрі тиімді басшы ретінде көрсетті, «ПМХЗ» ЖШС Бас директорының Құрмет грамотасымен және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Алғыс хатымен марапатталды. Сөз сөйлеген кезде Ахат үнемі кәсіби шыңдалудың, білімге ұмтылудың және өндірістік бастамаларды іске асырудағы, рационализаторлық қызметке қатысудағы, кәсіпорынның ағымдағы және болашақ жобаларын жүзеге асырудағы жастардың белсенді ұстанымының маңыздылығын атап өтті.

Ашық форматтағы кездесу сындарлы сипатта өтіп, ұрпақтар сабақтастығының маңызын және кәсіпорынның тұрақты дамуындағы тәлімгерліктің рөлін тағы бір мәрте дәлелдеді.

«Павлодар мұнайхимия зауыты» ЖШС жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі
Фото - Айнаш Мажит 
Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз! Жазылу