Есеп беру барысында ПМХЗ басшысы кәсіпорынның негізгі өндірістік көрсеткіштері артығымен орындалғанын жеткізді. Мұнай өңдеудің нақты көлемі 5 млн 765 мың тоннаны құрады, бұл ҚР Энергетика министрлігінің жоспарлы тапсырмасынан 265 мың тоннаға жоғары.
Бас директор 2025 жылы жарияланған Жұмысшы мамандықтары жылы тақырыбына жеке тоқталды. Зауыт жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған іс-шараларға белсенді қатысты. Сондай-ақ Маждай Ахметов жас мамандармен ай сайынғы кездесулер өткізуді дәстүрге айналдыру туралы бастама көтерді. Бұл кездесулерде өндірістік түрлі идеялар мен жоспарларды бірлесіп талқылау мүмкіндігі бар. Басшы жастарды ПМХЗ-да мансап құруға және біртұтас команда болуға шақырды.
2026 жылға арналған негізгі міндеттердің қатарында – өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мұнайды жоспарлы көлемде 5,7 млн тонна деңгейінде өңдеу, ашық түсті мұнай өнімдерінің шығымын 73,4%-дан төмен емес деңгейде ұстап тұру және өңдеу тереңдігін 92,5%-ға жеткізу.
Кездесу соңында Маждай Ахметов маңызды қоғамдық-саяси оқиға – 2026 жылғы 15 наурызда өтетін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау жөніндегі республикалық референдумға ұжымның назарын аударды. Бас директор бұл – Қазақстанның одан әрі даму жолын айқындайтын ел үшін тарихи сәт екенін атап өтіп, зауыттың барлық қызметкерлерін белсенді азаматтық ұстаным танытып, дауыс беруге міндетті түрде қатысуға шақырды.
«ПМХЗ» ЖШС жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі
Фото - Айнаш Мажит