ПМХЗ елордалық «Quantum TECH School» мектебі мен Toraighyrov University білім алушылары үшін таныстыру экскурсияларын өткізді.
Технологиялық алаңдарды автобуспен аралау барысында кәсіпорынның оқу орталығының өкілдері Павлодар мұнайхимия зауытының қызметі, жабдықтардың жұмысы, шығарылатын өнімдері туралы және зауытта еңбек ететін мамандары туралы дәріс оқыды.
Сонымен қатар дәстүрлі іс-шараға қатысушылар зауыт мұражайын аралап, ПМХЗ тарихымен танысты. Жастарға жаңадан қабылданған қызметкерлерді бейімдеу және мамандардың құзыреттілігін дамыту бағдарламалары іске асырылатын оқу орталығы көрсетілді.
Осылайша, «Бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы», «Табиғи энергия тасымалдаушылардың, мұнай-химия өнімдері мен полимерлердің химиялық технологиясы», «Химия» мамандықтарының 1-курс студенттері өз білімдерін тереңдетті. Ал мектеп оқушылары мұнай өңдеу саласы туралы түсінік алды.
«Павлодар мұнайхимия зауыты» ЖШС жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі
Фото — Ирина Адылканова