Асланбек Байкенов 2024 жылдан бастап ПМХЗ ЖҚМЦ технологиялық жабдықтарды тазалау және дайындау учаскесінде 3-разрядты тазалаушы болып жұмыс істейді. Ол 2400 метр қашықтықта Батухан атты таза қанды ағылшын сәйгүлігімен сенімді жеңіске жетті. Бұл жетістік кәсіби шеберлік, жеке тәртіп және ұлттық дәстүрлерге адалдықтың жарқын үлгісі болды. Мәре сызығында жоғары бәсекелестікке қарамастан, Асланбек Байкенов жоғары дайындық деңгейін, сабырлылық пен өз күшіне деген сенімділігін көрсетті.
Біздің әріптесіміздің кәсіби қалыптасуы «Павлодар химия-механикалық колледжінде» басталды. Онда ол «Мұнай мен газды қайта өңдеу технологиясы» мамандығын меңгеріп, бүгінде осы білімін өндірісте тиімді қолдануда.
Ал ат спорты Асланбек Байкеновтің өмірінде бала кезінен ерекше орын алады. Оның пікірінше, табысты шабандоздың басты қасиеті – жануарларға деген шынайы сүйіспеншілік. Ол өңірлік, республикалық және халықаралық деңгейдегі ірі жарыстарға қатысып, бірнеше рет жүлдегер әрі жеңімпаз атанған. Атап айтқанда, Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жеңімпаз болды.
«ERTIS-BAYAN CUP» турнирі жылдағы ең ауқымды спорттық оқиғалардың біріне айналып, Павлодар қаласындағы жаңа заманауи ипподромның ашылуына орай ұйымдастырылды. Жарысқа Қазақстан, Ресей және Қырғызстаннан келген үздік шабандоздар мен сәйгүліктер қатысты. Бағдарламада классикалық қашықтықтармен қатар ұлттық дәстүрлі бәйге түрлері – «Құнан бәйге» және «Аламан бәйге» қамтылды. Ауқымды шараға шамамен 10 мың көрермен жиналып, ат спортының дамуына және ұлттық дәстүрлерді насихаттауға маңызды серпін берді.
Павлодар мұнай-химия зауыты Асланбек Байкеновті лайықты жеңісімен құттықтап, кәсіби қызметінде де, спортта да жаңа табыстар тілейді.
«ПМХЗ» ЖШС жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі
Фото – Ирина Ковалева, Валерий Бугаев