ПМХЗ-де бұл мереке ұжым арасында жылы әрі әуезді көңіл күйде аталып өтті.
Кірме жолдарға қызмет көрсету цехының (КЖҚЦ) қызметкері Азамат Хасенов «Алдай-ау» шығармасын орындады. Ол терме арқылы халықтың өмірлік даналығы, өсиет-нақылы мен рухани құндылықтарының жоғары екендігін көрсетті. Кейін Азамат Хасенов көрермендерді көпшілік сүйіп тыңдайтын лирикалық «Нурикамал» әнімен тағы да қуантты.
Заман өзгерсе де, қазақтың қоңыр домбырасы мен күйлеріне деген сүйіспеншілік ешқашан бәсеңдеген емес. Солардың бірі – Сумен жабдықтау және кәріз цехының (СжәнеК) тауар операторы Даурен Төлеуханов орындаған «Ерке сылқым» күйі. Әсем де нәзік, сымбатты қазақ қызына деген терең сүйіспеншіліктен туған бұл шығарманың нәзік сезімін Даурен домбыраның сырлы үнімен әсерлі жеткізе білді.
Ашық мұнай өнімдері өндірісінің (АМӨ) технологиялық сорғылар машинисі Рашид Шоқан жас батырлардың туған жерін қорғаудағы ерлігіне арналған «Қарасай Қази» күйін орындауы ата-бабаларымыздың рухын өайта оятқандай болды. Мерекелік бағдарламаның шарықтау шегі қазақтың ең әйгілі күйлерінің бірі – Құрманғазының «Адай» күйі болды. Рашид Шоқан мен Даурен Төлеухановтың орындауындағы бұл күй ерекше қуатпен шырқалып, залды жігерге, қайратқа және еркіндік рухына бөледі.
Мерекеге келген қонақтар әріптестерінің орындауындағы тамаша шығармаларды тамашалап қана қоймай, музыкалық викториналық ойындарға да белсене қатысты.
Шығармашылық кештің ұйымдастырушылары әрі жүргізушілері – қазақ тілі пәнінің оқытушысы Гүлназ Әлімқанова және мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі маман Амангелді Егінбай болды.
Шара соңында аталған өнер иелері ПМХЗ-ның бас директоры Маждай Ахметовтың құрмет грамотасымен және кәсіподақ ұйымының арнайы сертификатымен марапатталды.
Бұл іс-шара тағы бір мәрте ПМХЗ қызметкерлерінің өз ісінің кәсіби мамандары ғана емес, өнер мен мәдениетті қадірлейтін, халқымыздың рухани мұрасын келер ұрпаққа жеткізуге үлес қосып жүрген жандар екенін дәлелдеді!
«ПМХЗ» ЖШС-нің жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі
Фото — Ирина Адылканова, видео — Анна Гронская