«Павлодар мұнайхимия зауыты» ЖШС
03.09.2026
6 просмотров
ПМХЗ жұмыскерлері өрт сөндіргіштерді қолдану дағдыларын пысықтады Павлодар мұнайхимия зауытында бастапқы өрт сөндіру құралдарын қолдану бойынша тәжірибелік сабақ өтті. Кәсіпорынның әртүрлі бөлімшелерінің жұмыскерлері өрт шыққан кездегі іс-қимылдарды пысықтап, өрт сөндіргіштерді пайдалану дағдыларын бекітті.
«ПМХЗ» ЖШС Азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар бөлімі «Семсер-Өрт сөндіруші» ЖШС өрт қауіпсіздігі жасағымен бірлесіп, бастапқы өрт сөндіру құралдарын қолдану бойынша тәжірибелік сабақтар ұйымдастырды. Бұл сабақтар нақты жағдайға барынша жақындатылған жағдайда өтіп, қатысушылар теориялық алгоритмді еске түсіріп, өрт кезіндегі іс-қимылдар тізбегін іс жүзінде пысықтады.

«Төтенше жағдай туындағанда абдырап қалмас үшін өрт сөндіру құралдарын қолдана білу керек,» — деді кран машинисі Гүлсара Жүнісова.

Изомерлеу және нафта сплиттері қондырғысының операторы Азамат Рахымжанов өндірісте он жыл жұмыс істеу барысында өрт шығу жағдайына тап болмағанын айтады. Алайда штаттан тыс жағдайларға дұрыс әрекет етуге дайын болу кәсіби жауапкершіліктің міндетті бөлігі болып қала береді.

«Семсер-Өрт сөндіруші» ЖШС өрт қауіпсіздігі жасағы бастығының орынбасары Зейнет Мырзабаев - «Бүгін өрт сөндірудің бастапқы құралдарын, атап айтқанда, өрт сөндіргіштерді қолдану бойынша тәжіребелік сабақ өткізілді. Оқу-жаттығу жоғары деңгейде өтті» – деп бағалады.
Өндірістегі қауіпсіздік әрбір жұмыскердің сауатты әрі сенімді әрекет етуге дайын болуынан басталады. ПМХЗ-да персоналды жүйелі түрде оқытуға және дағдыларды тұрақты түрде тәжіребелік тұрғыда пысықтауға ерекше көңіл бөлінеді.

Бұл жұмыста азаматтық қорғау және өрт қауіпсіздігіне жауапты зауыт құрылымдарының атқаратын рөлі маңызды. Олардың бірлескен жұмысы персоналдың қажетті дайындық деңгейін қамтамасыз етуге және тәуекелдердің алдын алуға мүмкіндік береді. Кәсіпорында азаматтық қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптары жүйелі түрде орындалады. Ал жұмыскерлерді оқыту өрттің алдын алудың және еңбек жағдайларының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі құралдарының бірі болып қала береді.


«ПМХЗ» ЖШС жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі.
Фото — Ирина Адылканова

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз! Жазылу