«ПАВЛОДАР МҰНАЙ-ХИМИЯ ЗАУЫТЫ» ЖШС slogan
09.05.2022
156 просмотров
ПМХЗ қызметкері Шалқар Әбдіхамитов соғысқа қатысқан ардагер атасының өмірбаянынан сыр шертті

ПМХЗ қызметкері Шалқар Әбдіхамитов ардагер қарияның басынан өткен қызықты оқиғаларымен бөлісті. Оның атасы Сталинград түбіндегі шайқастарға қатысып, ауыр жараланған екен.

Шалқар Әбдіхамитовтың атасы Кенжетай Әбдіхамит 1905 жылдың 2 қазанында Баянауыл баурайында дүние есігін ашқан. Соғыстың бастапқы кезеңінде әскери борышын өтеу үшін майданға шақыртылды. Өкінішке қарай соғысқа бір отбасынан кеткен 2 ағайындының үлкені ғана үйге оралыпты.

- Менің атам 365-ші атқыштар полкінің құрамында ұрыстарға қатысқан. 1943 жылы ауыр жарақат алып, әскери қызметке жарамсыз деп танылды. Кішкентай кезімізде атадан соғыс жайлы жиі сұрайтынбыз. Бірақ ол кісі әдетінше тіс жармайтын. «Оны қайтесіңдер? Бұдан әрі соғыс атаулы ешқашан қайталанбаса екен»,- деп қысқа қайыратын.

Кенжетай ата соғыстан кейін бірақ шаңырақ көтерген. Айнакөлге көшкеннен соң ғана үйленіп, екі ұл тәрбиелеп-өсіреді.

- Атам соғыстан соң елге оралып, колхозды керек-жарақпен қамтамасыз етуші болып жұмыс істеді. Кеш үйленгендіктен апам екеуінің жас аралығы әжептеуір – 23 жыл. Өкінішке қарай 1999 жылы дүние салып, шөберелерін көре алмай кетті. Оның жалпы 7 немересі мен 16 шөбересі өсіп келеді. Атамның көзі тірісінде 9 мамыр күні ауыл тегістей біздің үйде жиналып, үлкен дастарқан жайылатын. Қазыналы қария үшін бұл мерекенің маңызы зор болды,- деп бөлісті зауыт қызметкері.

Шалқардың зауытта жұмыс істеп жүреніне 5 жылға жуық уақыт болыпты. Бұған дейін металлургиялық өндірісте, артынша алысқа қатынайтын жүргізуші де болып нәпақасын тапқан. Алайда еңбек шарттары көңілден шықпағандықтан мұнай-химия зауытына орналасуды жөн көріпті.

Ардагердің немересі бүгінгі күні күкірт өндірісінің тауарлық операторы қызметінде. Бұл жерде күкірт ұсақталып, 50 кг-дық арнайы биг-бэгтерге буылып-түйіледі. Шалқар Әбдіхамитовтың айтуынша, жұмысы өзіне ұнайды.

Кенжетай ағамыздың отбасы батыр атасының ерекшелік белгілеріне қатысты маңызды да салиқалы шешім қабылдады. Ардагердің барлық наградаларын жергілікті музейге тапсырыпты-мыс. Сталинград түбіндегі шайқасқа қатысқан батыр бабаның ұрпақтарының ойынша, медальдері үйде шаң басып жатқанша, өсіп келе жатқан ұрпақтың назарына ұсынылып, көрікті төрдің көрнекті жәдігері боп тұрғаны абзал.

«Павлодар мұнайхимия зауыты» ЖШС-ның жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі

Зауыт қызметкерінің фотосуреті: Илья Величко 

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз! Жазылу