«ПАВЛОДАР МҰНАЙ-ХИМИЯ ЗАУЫТЫ» ЖШС slogan
09.05.2022
180 просмотров
ПМХЗ қызметкері Рысбек Қаппасовтың отбасы соғысқа қатысқан атасын мақтан тұтады

Медальдер мен ескі офицерлік планшетті ПМХЗ қызметкері Рысбек Қаппасовтың әулеті жылдар бойы «атамыздың көзі» деп ерекше қастерлеп, жүрегінде де, шаңырағының төрінде де сақтап келеді.

Рысбек Қаппасовтың атасы Туркун (Төркін) Шаяхметов 1923 жылдың 16 қаңтарында дүниеге келген. 1943 жылдың мамырында Кеңес әскерінің қатарына шақырылады. Екінші Украина және Үшінші Белоруссия майдандарына қатысқан. Жеңісті Чехословакияда аға лейтенант лауазымында қарсы алды. ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен наградталды.

- Соғыстан кейін атам бірден үйге оралған жоқ, біраз жылдар бойы Владивостокта шекара күзетті. 1949 жылы туған жеріне оралып, шаңырақ көтерді. Өмірінің соңына дейін бас есепші болып қызмет етті. Ол о дүниеге қайтқанда мен небәрі бес жаста едім. Соғыс туралы, соғыстан кейінгі тағдыры жайлы егжей-тегжейлі сұрап үлгермедім. Тек өте ақкөңіл, қарапайым, ашық-жарқын кісі болғаны есімде,- дейді Рысбек Қаппасов.

Майдангердің өз балалары болған жоқ, сол себепті ерлі-зайыпты Қаппасовтар 5 жиенін қолына алды. Оларды туған балаларындай көрген. Солардың біреуі Рысбектің әкесі еді.

- Мен атамды мақтан тұтамын. Ол елін қаныпезер фашистердің қалың қолынан қорғап, жерін жаудан азат еткен ержүрек батыр, нағыз қаһарман! Ауылдың атам сынды майдангерлері соғыс аяқталғаннан кейін жиі жиналып, әңгімелесіп, шахмат ойнағандары жайлы апам жиі айтатын. Атам соғыс кезінде де, шайқастар болмаған уақытта да шахмат ойнағанды жақсы көрген екен. Тіпті соғысқа қатысқан гроссмейстерлермен де ойнаған сәттер болыпты. Кейін атам шахмат ойнауын әкеме үйретті, әкем маған, мен балаларыма үйретіп жүрмін,- дейді Рысбек Қаппасов.

Рысбек ПМХЗ-да он жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Еңбек жолын оператор қызметінен бастаған жас маман ешқашан ауыр жұмыстан жалтармаған. Бүгінде ол мұнайды бастапқы өңдеу өндірісінің С-400 күкіртті мұнайынан газды фракциялау қондырғысының басшысы. Ол қондырғылардың үздіксіз жұмыс істеп тұруын, қызметкерлердің өз міндеттерін дұрыс орындауын, ұжымның ауызбіршілікте болуын қадағалап, ұйымдастырушылық мәселелерді шешумен айналысады.

Қаппасовтар отбасы үшін 9 мамыр ерекше күн. Рысбек атасын еске алып, оның өмірі мен ерліктері жайлы балаларына жиі айтып отырады.

«Павлодар мұнайхимия зауыты» ЖШС-ның жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі

Зауыт қызметкерінің фотосуреті: Илья Величко 

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз! Жазылу