«ПАВЛОДАР МҰНАЙ-ХИМИЯ ЗАУЫТЫ» ЖШС slogan
04.10.2022
195 просмотров
ПМХЗ қызметкерлері Ахмет Байтұрсынұлы шығармаларын жатқа оқыды

2022 жылдың 6 қыркүйегінде ПМХЗ жұмысшылары көрнекті ағартушы, ақын Ахмет Байтұрсынұлының тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына қосқан үлесі жайлы тың ақпарат алды. Осыған орай танымал ақынның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында кәсіпорынның мәнерлеп оқу шеберлері Ахмет Байтұрсынұлы шығармаларынан үзінділер оқып берді.

Оқулардың бірінші қатысушысы, мұнайды терең өңдеу өндірісінің технологиялық қондырғылар операторы Марат Масабаев ақынның танымал, әрі жантебірентерлік шығармаларының бірі – «Адамдық диқаншысы» өлеңін таңдады. Халықтың санасын ояту мақсатында жазылған бұл жолдар ешкімді бейжай қалдырған жоқ.

«Адамдық диқаншысы қырға шықтым;

Көл жоқ, көгалы жоқ - қорға шықтым.

Тұқымын адамдықтың шаштым ектім,

Көңілін көгертуге құл халықтың.

Қор болған босқа кетіп еңбек, бейнет,
Құлдарға құлдықтан жоқ артық зейнет.
Оттай бер, жануарым екі аяқты,
Адамдық хайуанға қанша қажет?!»

Өндірістік үрдістерді автоматтандыру бойынша жетекші инженер Михаил Власовтың көңілі «Маса» жинағындағы туындыға түсті. Өлең сүйер жігіт осы шығарма арқылы қалың көрерменге білімге деген, мәдениет пен руханиятқа деген құрметтің маңыздылығын жеткізуді көздеді.

«Ызыңдап ұшқан мынау біздің сары маса,

Сап- сары аяқтары ұзын маса,

Өзіне біткен түсі өзгерілмес,

Дегенмен қара яки қызыл маса».

Мұнайды алғашқы өңдеу өндірісінің технологиялық сорғылар машинисі Әлішер Мұсағалиев өз кезегінде Ахмет Байтұрсынұлы тағдырының қиын-қыстау кезеңдерін, ішкі толғаныс пен күйзелісін бейнелейтін өлең жолдарын оқып берді.

«Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,

Ойлайтындай мен емес бір күнгісін.

Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын,

Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін».

Осындай оқулардың ПМХЗ-да тұрақты түрде өткізілетінін айта кеткен жөн. Мұнай өңдеушілерге мұндай іс-шаралар артынан өшпес із қалдырған ұлы тұлғалардың рухани мұрасымен танысуға мүмкіндік береді.

 

Жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі

«Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС

 

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз! Жазылу