«ПАВЛОДАР МҰНАЙ-ХИМИЯ ЗАУЫТЫ» ЖШС slogan
05.10.2022
198 просмотров
 Павлодар мұнай-химия зауытында Қазақстан халқы тілдері апталығы өтті

Қазақстан халқы тілдері күніне орай зауытта бірнеше қызықы іс-шара өтті. Кәсіпорын қызметкерлері Ахмет Байтұрсынұлы шығармаларын жатқа оқумен қатар қазақ тілінен жаппай диктант жазды. Сондай-ақ іс-шаралар барысында ашық сабақ өткізіліп, брейн-ринг интеллектуалдық ойынында үш буыннан құралған командалар өзара бақ сынасты.

Қыркүйектің 5-ші жұлдызында еліміздің барлық өңірлерінде Тілдер күніне орайластырылған іс-шаралар өткізіле бастады. Мерекенің басты мақсаты - адамның сезімін, ойын жеткізуде тілдің адам өміріндегі маңыздылығын көрсету. Себебі тіл халықтың тарихын, рухани мұрасы мен мәдени байлығын сақтайтын құрал болып табылады.

Білім жолындағы қызықты іс-шаралар апталығын өткізуге мұрындық болған кәсіпорынның қазақ тілі пәнінің мұғалімі Гүлназ Әлімқанованың бастамасын Павлодар мұнай-химия зауытының басшылығы мен қызметкерлері қуана қолдады. Зауыт жұмысшылары мектеп жылдарын еске алып, қазақ тілінен ашық сабаққа қатысып, бар білімдерін көрсетуге тырысты. 

Қызметкерлердің актерлік шеберліктерін танытуға мүмкіндік берген «брейн-ринг» сайысының барысында қатысушылар бірнеше топқа бөлініп, қазақ халқының салт-дәстүрлерінен театрланған үзінділер көрсетті. Қатысушылар «Бесікке салу», «Тұсау кесу», «Қыз ұзату» көріністерін көрермендерге паш етті. 

Зауыт жұмысшыларының көбі сауаттылығын тексеру мақсатында қазақ тілінен жаппай диктантқа қатысты. Диктанттың тақырыбы туған жерге деген сүйіспеншілік болды.

Тілдер күніне орай ұйымдастырылған шаралар мерекелік концертпен тәмамдалды. Оның барысында зауыт қызметкерлері өнер көрсетіп, жаппай диктанттың «үздіктері» мен «озаттары», интеллектуалдық ойын жеңімпаздары мен Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған оқулардың қатысушылары марапатталды.

 

Жұртшылықпен байланыс бөлімі «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС

Фотосурет: Вадим Белошенко

 

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз! Жазылу