«ПАВЛОДАР МҰНАЙ-ХИМИЯ ЗАУЫТЫ» ЖШС slogan
11.10.2023
172 просмотров
ПМХЗ мен «Ертіс» хоккей клубы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды Павлодар мұнай-химия зауыты мен «Ертіс» хоккей клубы арасындағы меморандум аясында аймақтық спортшыларымызға жан-жақты қолдау көрсетілмек

Мұндай демеушілік бірінші мәрте қолға алынып тұрған жоқ. Бұған дейін де Павлодар мұнай-химия зауыты «Ертіс» хоккей клубын қанатының астына алып, қаржылық мәселелеріне көмектесіп келген. Нәтижесінде облыс хоккейшілері үш жыл Республикалық доданың жеңімпаздары атанған. Сол жемісті жылдарды қайта еске алып, чемпиондықты Ертіске қайтару үшін ПМХЗ-мен меморандумды қайта жаңғыртпаққа ниетті.

-          Меморандум бірінші кезекте аймағымыздың шайбалы хоккейін дамытуға бағытталған. Екіншіден, аталмыш шара жастарды спорттың бұл түріне көптеп шақыруға, алдағы уақытта командамыздың әлеуетін көтеруге септігін тигізеді. Ең бастысы жанкүйерлеріміздің қарасын арттырып, жергілікті спортшыларымызға лайықты қолдау білдірсек, мақсатымыз орындалған болады,- дейді «Павлодар мұнайхимия зауыты» ЖШС бас директоры Қуаныш Бишімов.

ПМХЗ үнемі спортпен шұғылданудың пайдасын насихаттауда. Бұл ұстанымын тек сөзбен емес, іспен де дәлелдеп келеді. Мәселен, зауыт ішіндегі спорттың футбол, баскетбол, қолкүрес, теннис, шахмат, тоғызқұмалақ сынды түрлері бойынша жарыстарды жылына төрт-бес рет ұйымдастырса, бокс, үлкен футболдарға жанкүйер ретінде жаппай барып, отандық спорттың дамуына өзіндік үлесін қосып жүр. Бұл тізім енді шайбалы хоккеймен толықпақ.

-          Бүгінгі шара біз үшін қуанышты әрі тарихи сәт. Осы меморандумның арқасында жергілікті хоккейшілерімізді одан да мықты етіп дайындай аламыз. Бұдан бөлек жас спортшыларымыздың да кәсіби тұрғыда жылдам өсуіне ықпал етерлік мүмкіндік туады,- деді «Ертіс» хоккей клубының жетекшісі Төлеген Қаржасбаев.

Төлеген Қаржасбаевтың айтпағы – республикамыздың мұнай өңдеу саласындағы ірі кәсіпорынының қамқорлығына тек аймақтың басты хоккей командасы емес, олардың жасөспірімдерден құралған «Мұнайшы» ұжымы да кірмек.

            Меморандумға қол қою рәсімі зауытымыздың 45 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылды. Қоса кетерлік тағы бір жайт, биылғы жыл кәсіпорынымызда «Денсаулық жылы» деп аталып, өткен айларды бірнеше спорттық шаралар ұйымдастырылған.

Павлодар мұнай-химия зауытының жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі

Фото: Рустем Ануарбеков

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз! Жазылу