«ПАВЛОДАР МҰНАЙ-ХИМИЯ ЗАУЫТЫ» ЖШС slogan
08.11.2023
454 просмотров
ПМХЗ резервуарлар паркіне арналған автоматты өрт сөндіру жүйесі кешенді сынақтан өтті

Іс-шара «Павлодар мұнай-химия зауытының отын-шикізат паркіне арналған автоматты өрт дабылы және автоматты өрт сөндіру жүйелерін қайта құру» жобасы аясында ұйымдастырылды

Кәсіпорында өрт сөндіргіш затты жеткізу және су айдау қондырғысын іске қосу арқылы резервуардағы «өртті» автоматты режимде сөндіру мақсатында сынақ жүргізілді. Бұл мұнай қоймасы жобада қарастырылған үш көбікті сөндіру аймағының біріншісі.

Өрт сөндіру жүйесін тексеру 1-аймақтағы жұмыстардың аяқталуына байланысты ұйымдастырылды. Сынақ алаңына ең қолайлы деп P28 P3 цистернасы таңдалды. Оқу-жаттығу кезінде ішінде мұнай өнімдері болған жоқ.

Шараға зауытқа қарасты өрт сөндіру бөлімінің 6 бірлік техникасы мен жеке құрамның 32 адамы қатысты.

Іске асырылып жатқан жобаның мақсаты – өртті дер кезінде анықтау және ол туралы өрт сөндіру қондырғыларын автоматты басқарумен жабдықтауға жауапты мамандарды хабардар ету.

Сонымен қатар жоба аясында ұзындығы 7 км жерасты құбырларын орнату, қолданыстағы эстакадалар және орнатылғалы жатқан эстакадалардың бойымен 97 км кабельдік желілерді тарту, 217 көбік генераторын және 38 тауар-шикізат паркінің резервуарындағы 204 өрт хабарлағышын ауыстыру қарастырылған. Сондай-ақ 17 резервуардағы суару қондырғыларын орнату және оларды жүйеге қосу, басқару орталығының ғимараттарын салу, 3 көбік сөндіру сорғысын қайта құру көзделіп отыр.

Жоба толығымен 2024 жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде.

Павлодар мұнай-химия зауытының

Жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі

Фото: Рустем Ануарбеков

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз! Жазылу