«ПАВЛОДАР МҰНАЙ-ХИМИЯ ЗАУЫТЫ» ЖШС
12.12.2024
528 просмотров
ПМХЗ қызметкерлері дәрігерге дейінгі көмек көрсету бойынша тренингтен өтті 2024 жылдың 11 қарашасынан 13 желтоқсанына дейін мұнай өңдеушілер оқыс жағдайлардағы алғашқы көмек көрсету бойынша 8-сағаттық тренингтерге қатысты.
Өрт-жарылыс қаупі жоғары кәсіпорындардағы өндірістік персоналға алғашқы көмек көрсетуге қатысты қойылатын талаптар жылдан жылға қатайып келеді. Осылайша, 2020 жылдың 7 шілдесіндегі «Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексіне сәйкес қауіпті өндірістік объектілер қызметкерлері алғашқы көмек көрсету дағдыларына ие болуы керек. Заң талаптарын орындау аясында ПМХЗ екінші жыл қатарынан мұнай өңдеушілер үшін алғашқы көмек көрсетуді үйрету курстарын ұйымдастырып келеді.

Осы жылы зауыт қызметкерлері үшін аталмыш тақырыптағы тренингті Қызыл Жарты ай қоғамы өткізді. Бастапқыда қатысушыларға Қызыл Жарты ай ұйымының қызметі жайлы қысқаша ақпарат берілді. Кейін оқудан өтушілер алғашқы көмек көрсетудің алгоритмдерімен танысты; әртүрлі жарақаттар мен күюлер кезіндегі алғашқы көмек көрсету мен қанды тоқтатуды үйренді; жүрек-өкпе реанимациясы дағдыларын іс жүзінде пысықтады; зардап шеккендерді тасымалдау тәсілдерімен танысты.

Жаттығу жағдаяттары арнайы манекендер, грим мен алғашқы көмек көрсету құралдарын қолдана отырып ұйымдастырылды.

- Меніңше, тренинг барлығымыз үшін өте пайдалы болды. Өйткені басына қандай жағдай түсетінін ешкім білмейді. Менің тәжірибемде ондай жағдай болмаса да, кез келген уақытта менің дағдыларым біреуге керек болуы мүмкін,- деп Мұнай өнімдерін компаундирлеу және тиеу өндірісінің тауарлық операторы Алексей Третьяков ойымен бөлісті.

Тренингтердің жүргізілген уақытында оқытудан жалпы 500 өндіріс қызметкері өтті.

Мұндай шаралардың өндірістік кәсіпорын персоналы үшін маңыздылығы зор. Өйткені бұл жерлерде әр түрлі қауіп деңгейіндегі жұмыс жүзеге асырылады. Сол себепті қауіпті жағдайда дұрыс әрі жылдам әрекеттерді орындау адамның өмірін құтқаруда шешуші рөл атқаруы мүмкін.

«ПМХЗ» ЖШС-ның жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі
Фото - Илья Величко
Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз! Жазылу