2024 жылдың 18 қарашасында бақылау-өлшеу аспаптары мен технологиялық үдерістерді автоматтандыру цехының әкімшілік-тұрмыстық кешенінде (ӘТК) өрт-тактикалық оқу-жаттығулар өтті. Ғимараттың ішінде болған қызметкерлерге «Күзет-Павлодар» ЖШС, «Медикер-өнеркәсіптік медицина» ЖШС және «Семсер-Өрт сөндіруші» ЖШС Павлодар филиалы қосылды. 4 бірлік арнайы техникамен келген Мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтің (МЕӨҚҚ) 18 қызметкері мен бір бірлік арнайы транспортпен келген газ-құтқару қызметінің (ГҚҚ) 7 өкілі құтқару жұмыстарын жүргізіп, үш қабатты ғимаратта имитацияланған өртті сөндірді.
ӘТК-нің №5 жөндеу-құрылыс-монтаждау цехы мен бу-ауамен жабдықтау цехының ғимаратында оқу-жаттығулар қарашаның 19-шы жұлдызында өтті. МЕӨҚҚ-ның 4 арнайы көлікпен келген 18 адамнан құралған кезекші қарауылдары ГҚҚ-нің 1 бірлік арнайы техникамен келген 7 адамнан тұратын кезекші топпен бірлесе отырып кешеннің 2 қабатын да шолып шықты.
Қараша айының соңғы оқу-жаттығуы 28-і күні ӘТК-нің №1 Цифрландыру, ақпараттық технологиялар мен телекоммуникациялар департаментінің ғимаратында орын алды. Сондай-ақ аталмыш ғимаратта «ҚМГ-Кұмкөл» ЖШС орналасқан. ГҚҚ-ның 7 қызметкері мен МЕӨҚҚ-ның 14 құтқарушысынан бөлек оқу-жаттығу дабылына «Күзет-Павлодар» мен «Медикер-өнеркәсіптік медицина» қатысты.
Әр оқу-жаттығу барысында электрмен жабдықтау цехының қызметкерлері де өртке қарсы әрекеттерін пысықтады. Оқу-жаттығу дабылының алғашқы кезеңінде олар шартты түрде электр қуатын беруді тоқтатып, имитацияланған өрттің жойылғанына көз кеткізгеннен кейін қайта қосты.
Оқу-жаттығулардың тұрақты түрде өткізілуі кәсіпорынның қауіпсіздігі үшін аса маңызды. Себебі мұндай әрекеттердің арқасында апаттық-құтқару қызметтерінің құтқару жұмыстарын ұйымдастыру мен жүргізу бойынша дағдылары жетілдіріледі. Бөлімше мен ұйым басшылары және қызметкерлері үшін оқу-жаттығулар өртке төтеп беру даярлығын қолдап, ғимараттан эвакуациялау барысында бірлесіп жылдам әрекет етуді үйретеді.
«ПМХЗ» ЖШС-ның Жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі
Фото «ПМХЗ» ЖШС-ның АҚ және ТЖ бөлімімен ұсынылды