Шара аясында депутаттар делегациясы Павлодардың бірнеше мекемесін, соның ішінде «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-ны (ПМХЗ) да аралап қайтты. Сенатор Нұртөре Жүсіп бастаған депутаттар тобын облыс әкімінің орынбасары Айгерім Қабылтаева мен зауыт бас директорының орынбасарлары Маждай Ахметов пен Виктория Мельник қарсы алды.
Сапар барысында депутаттар зауыт қызметімен танысып, Орталық өндірістік-диспетчерлік басқармаға барып қайтты. Маждай Ахметов зауыт қонақтарына экскурсия жүргізіп, болашақ жас қызметкерлер үшін жоғары деңгейдегі дайындықты қамтамасыз етудің және олардың кәсіби өсуіне жағдай жасаудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Сондай-ақ депутаттар мен зауыттың жас мамандары арасында қызықты әңгіме өрбіді. Қонақтар кәсіпорынның перспективалары, жұмыс орындардағы еңбек жағдайы мен қажетті құзыреттіліктер жайлы маңызды сұрақтар қойды.
Экскурсиядан кейінгі Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті отырысының барысында ұлттық экономика салсындағы кадрлық проблемалардың негізгі аспектілері сөз етілді. Корпоративтік қызметтер бойынша бас директордың орынбасары Виктория Мельник мұнай саласындағы мамандарды даярлау бойынша Торайғыров университеті мен Павлодар химия-механикалық колледжімен серіктестігінің шеңберінде жасалып жатқан жұмыс жайлы, сонымен қатар зауытта жұмыс істейтін дуалды білім беру жүйесіне қатысты нақты мағлұматтарды ұсынды.
Білікті мамандар тапшылығы мәселесін шешу бүгінгі күннің негізгі міндеттерінің бірі екенін Нұртөре Жүсіп өз сөзінде баса айтып өтті. «Әр жұмыс орнының қажеттіліктеріне сай келетін кадрларды даярлау мақсатында білім беру жүйесі мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтқан жөн. Жастардың техникалық және кәсіби білім беруге бағдарлануы – бұл тек бүгінгі күннің қажеттілігі ғана емес, сонымен қатар ел болашағының кілтті факторы екенін түсінген абзал», – деді сенатор.
«ПМХЗ» ЖШС-ның жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі
Фото – Илья Величко