«ПАВЛОДАР МҰНАЙ-ХИМИЯ ЗАУЫТЫ» ЖШС
12.02.2025
201 просмотров
ПМХЗ қызметкерлері Астана қаласында өткен «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестиваліне қатысты

Астана қаласында өтіп жатқан «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестиваліне «ПМХЗ» ЖШС атынан мұнайды терең өңдеу өндірісі мен ашық түсті мұнай өнімдерін өңдеу өндірісінің технологиялық қондырғылар операторлары Дамыс Темірбек пен Нұржан Әлжанов қатысты.

Ерекше фестиваль президентіміз жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылының» аясында өтіп жатыр. Аталмыш іс-шара еліміздің астанасындағы EXPO халықаралық көрме орталығында 2025 жылдың 11-15 ақпаны аралығында ұйымдастырылған.

Фестиваль жұмысшы мамандықтарды дамыту мен дәріптеуді, сонымен қатар болашақ мамандардың, жұмыс берушілердің және білім беру мекемелерінің өзара әрекеттесуіне арналған арнайы платформа құруды мақсат етеді. Көрмеде әр түрлі салалардың тақырыптық алаңдары ұсынылған: тау-кен ісі және металлургия, машина жасау және транспорт, аграрлық сектор мен су ресурстары, құрылыс, болашақ мамандықтар және құтқарушылар мен өрт сөндірушілер.

Іс-шара аясында ПМХЗ-ның өндірісші өкілдері Дамыс Темірбек пен Нұржан Әлжанов БАҚ-қа сұхбат беріп, өздерінің өндірістік қызметтеріне қатысты келушілермен дидарласты. Сондай-ақ мұнай өңдеу саласының мамандықтарына қызығушылық танытатындардың барлығына кеңестерін айтты.

Фестивальдің алғашқы күні қатысушылар мен қонақтар «Самұрық-Қазына» АҚ ірі портфельдік компаниялар қызметімен танысты. Оларға арнайы тақырыптық аллея бөлінді.

«Мұнайшылар үйінің» келушілері «ҚазМұнайГаз»-дың еншілес кәсіпорындары жайлы тың ақпарат ала алады. Сондай-ақ геологиялық жыныстардың, мұнай өнімдерінің және полипропиленнен жасалатын дайын өнімдердің үлгілерін көру мүмкіндігі де бар. Ал компьютерлік-жаттығу кешендерінің нұсқаушылары виртуалды режимде мұнай өңдеу зауыттарындағы технологиялық қондырғылар жұмысын көрсетеді.

«Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалінің бағдарламасына презентациялар, мамандықтар шеруі, интерактивтер, дискуссиялар, шеберлік сағаттары, вакансиялар жәрмеңкесі, концерттер мен экономиканың түрлі салаларындағы қызметкерлердің өнер көрсетулері кіреді.

Бұл іс-шара үлкендер үшін ғана емес, сонымен қатар жұмысшы мамандықтар жайлы білгісі келетін мектеп оқушылары үшін де пайдалы әрі қызықты болмақ.

«ПМХЗ» ЖШС-ның жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз! Жазылу