2025 жылдың 6 ақпанында «ПМХЗ» ЖШС зауыт басқармасы ғимаратында өрт сөндіру бойынша оқу-жаттығу дабылын өткізді. Шара өндірістік қауіпсіздік, еңбекті қорғау мен қоршаған орта жағдайын жақсарту мақсатында «ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) ҰҚ АҚ еншілес және тәуелді ұйымдарға бағыттаған 2025-2027 жылдарға арналған жол картасының аясында ұйымдастырылды.
Оқу-жаттығу барысында құрылыста орналасқан құрылымдық бөлімшелер мен ұйымдардың қызметкерлері сегіз қабатты ғимараттан эвакуациялану дағдыларын пысықтау мүмкіндігіне ие болды.
Жаттығуды «Медикер - Өндірістік медицина» ЖШС медициналық қызметі мен «Күзет-Павлодар» ЖШС күзет қызметінің мамандары бақылауда ұстады. «Семсер - Өрт сөндіруші» ЖШС ПФ атынан оқу жаттығуға 5 арнайы көлікпен келген мемлекеттік емес өртке қарсы қызметінің (МЕӨҚҚ) 24 өкілі және газ-түтіннен қорғау қызметінің (ГТҚҚ) атынан 1 бірлік техникамен келген 7 өкілі қатысты. Сондай-ақ оларға өрт қаупі шыққан жағдайда ғимаратты токсыздандыру дағдыларын пысықтау үшін электрмен жабдықтау цехының қызметкерлері де қосылды.
Оқу-жаттығудың өту барысын бөлімшелердің іс-әрекеттерді бағалау комиссиясы бақылады. Оның құрамына ҚМГ-ның еңбек және қоршаған ортаны қорғау департаментінің өкілдері кірді.
Мұндай шаралардың нәтижесінде апаттан құтқару қызметі өкілдерінің өрт жағдайында құтқару жұмыстарын ұйымдастыру дағдылары кеңейеді. Ал ПМХЗ қызметкерлері үшін осындай шаралар өрт шығу жағдайындағы бірлескен қадамдардың үйлесімділігін арттырып, ғимараттан эвакуациялану бойынша іс-әрекеттер жоспарын пысықтауға көмектеседі.
«ПМХЗ» ЖШС-ның жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі
Фотосуреттерді ұсынған «ПМХЗ» ЖШС АҚ және ТЖ бөлімі