Биіктіктегі жұмыс – өндірістегі ең қауіпті қызмет түрлерінің бірі. Сондықтан жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін құрылыс-монтаждау жұмыстарын биіктікте орындайтын қызметкерлер жеке қорғаныс құралдарын дұрыс пайдаланып, биіктікте жұмыс істеу дағдыларына ие болуы міндетті. Сондай-ақ олар жабдықтың жарамдылығын жіті тексеруі қажет. Осыған байланысты ПМХЗ өз қызметкерлеріне өнеркәсіптік альпинизмді оқытуға ерекше көңіл бөледі. Аталмыш іс-шаралар қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулықтан өтуді және биіктікте жұмыс істеу дағдыларын меңгеруге арналған оқу сабақтарын қамтиды.
Өнеркәсіптік альпинизм орталығының скалодромында бұл жолы осы курстан ЖҚМЦ-ның №15 бөлімінің аутсорсингтен зауыт құрылымына қайтарылған қызметкерлері өтті. Оқыту барысында еуропалық өндірістегі халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жабдықтар қолданылды. Курс жабдықталу мен құрал-жабдықтарды дұрыс пайдалану бойынша теориялық және практикалық тапсырмаларды, түсіп-көтерілу, арқаннан босатылу, көтеру және түсіру құрылғыларын пайдалануды пысықтайтын жаттығуларды қамтыды. Сондай-ақ, сақтандыру арқандары мен ілмектерді пайдалана отырып міну, құлаудан сақтандырумен көтерілу және басқа да жаттығулар оқыту бағдарламасында үйретілді.
Курс нәтижесінде ЖҚМЦ қызметкерлері өнеркәсіптік альпинизмнің 1-ші дәрежелі біліктілігін растайтын куәліктер алды. Енді цех монтажшылары биіктікте жұмыс істеу дағдылары мен құлау қаупіне байланысты жарақаттануды азайтуға қажетті білімге ие болды.
Зауыт қызметкерлеріне әрдайым қауіпсіздік техникасын сақтау бойынша жоғары талаптар қойылатындықтан, өнеркәсіптік альпинистердің біліктілігін арттыру және қайта аттестаттау тұрақты түрде ұйымдастырылып отырады. Осылайша, "ПМХЗ" ЖШС биіктікте еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету бойынша Еңбек кодексінің талаптарын толықтай орындап келеді деп айтуға болады.
Қызметкерлердің қажетті практикалық дағдыларын дамыту және жоғары біліктілікті сақтау – кәсіпорынның кадр саясатының негізгі бағыттарының бірі. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жұмысшы персоналдың біліктілігін арттыруға бағытталған іс-шаралар мен бастамаларға ерекше назар аударылады. Бұл "ПМХЗ" ЖШС-ның кадрлық әлеуетін нығайтуға және кәсіби дамуына ықпал етеді.
"ПМХЗ" ЖШС-ның Жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі
Фотоны ұсынған ЖҚМЦ