Сейітқазы Ақтайұлы Жұмабаев 1914 жылы 17 сәуірде Баянауылда дүниеге келген. Ер жете келе Қызыл әскер қатарына шақырылды. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталды. Сейітқазы ата Отанын қорғауға аттанды. Ол ауыр да ұзақ майдан жолын жүріп өтті. Смоленск, Вязьма, Орша, Борисов маңында шайқасып, Ленинград қаласын қорғауға қатысқан. Кейін Балтық жағалауы кеңестік республикаларын фашист басқыншыларынан азат етуге белсене араласты. Гданьск (Данциг), Росток, Гдыня, Штеттин және Польша, Шығыс Пруссия мен Шығыс Германияның басқа да қалаларын азат етуге үлес қосты.
Сейітқазы ата Ленинград майданына госпитальден кейін лейтенант шенінде оралып, 46-дивизияның 314-атқыштар полкіне қарасты ротаның командирі болды. Соғысты Берлин түбінде капитан шенінде аяқтады. Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, Александр Невский, I дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, сондай-ақ «Ленинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.
Соғыстан кейін де атам майдан шебінен табылды. Бұл жолы еңбек майданында. Тың көтеруге қатысып, еңбек еткен жерлерінде білікті ұйымдастырушы, жастардың жанашыры, қамқор тәлімгер ретінде танылды. 1948 жылы совхоз директорының орынбасары болып тағайындалып, комбайн зауытының құрылысына атсалысты.
1964 жылы «КСРО Қарулы Күштеріне 50 жыл» медалімен марапатталды. 1970 жылы оған «Германияны жеңгеніне 25 жыл» және «Ерен еңбегі үшін» медальдары табысталды.
Сейітқазы ата 1976 жылы 17 сәуірде дүние салды. Өмірдің талай сынақтарынан сүрінбей өткен ол, қанды жылдардың қатігездігін артқа тастап, жүрегінің жылуын сақтап қалды. Біз ол кісіні мақтан тұтамыз, рухына бас иеміз.

Жандос Өтемісов
«ПМХЗ» ЖШС-ның жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі