«Павлодар мұнайхимия зауыты» ЖШС
07.05.2025
31 просмотров
«Батыр бабалар». От кешкен өмір Менің атым Максим Алексеевич Мигунов. 9 Мамыр қарсаңында атам – Ұлы Отан соғысының ардагері Александр Павлович Скородумов жайлы айтып бермекпін.
Ново-Алексеевка ауылындағы (қазіргі Ақтоғай ауданы) жеті жылдық мектептің жас мұғалімі болған шағында атам әскерге шақыртылып, Ленинград маңындағы Луга қаласындағы артиллерия мектебіне жіберіледі.

1941 жылдың жазында әскери бөлім Брест қамалына жақын жерде орналасқан жазғы лагерьге оқу-жаттығуға аттанады. 21 маусым күні таңертең сарбаздарды жау ұшақтарынан түскен бомбалардың дүрсілі оятады. Командирдің бұйрығымен сарбаздар ескі қамалды айналып өтіп, шегінуге кіріседі. Кейін жаңа құрам жасақталып, 537-артиллериялық полк құрылып, ол Жоғарғы Бас қолбасшылықтың резервіне алынады.

Көп ұзамай бұл полк Мәскеуді қорғаудың ең маңызды аймақтарының бірі – Волоколам бағытына жіберіледі.

Курск-Орёл шайқасы кезінде А.П. Скородумов соғысқа артиллериялық взвод командирінің көмекшісі болып қатысады. Әскери жолында атам әртүрлі артиллериялық бөлімдерде қызмет етті. Оның ішінде ең ұзақ уақыт Кутузов және Богдан Хмельницкий ордендерімен марапатталған атақты Қызыл ту 302-ші полк құрамында болды. Бұл полктың атағы Украина жеріндегі көптеген шайқастармен шыққан.

1944 жылдың соңы мен 1945 жылдың басында Бірінші Украин майданының құрамында олар Одер өзенінен өтіп, сәуірде Берлинді шабуылдауды бастайды. Александр Скородумов Эльба өзенінен өтіп, Праганы азат етуге қатысады.

Соғыстағы ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз ордені мен екі Отан соғысы орденін, сондай-ақ «Ерлігі мен батырлығы үшін» медалін қоса алғанда көптеген марапаттарға ие болды. Жоғарғы Бас қолбасшы Иосиф Сталиннің атынан 23 алғыс хатпен марапатталды.

1946 жылы Александр Павлович армиядан туған жеріне, өзі жұмыс істеген мектепке оралады. Пединститутты сырттай бітіріп, Шарбақты ауданында мектеп директоры болып қызмет етті. Ол мемлекет пен халыққа жеті жыл әскери қызметі мен елу жылдан астам еңбек жолын арнады. Зейнетке шығар алдында Павлодар монтаж техникумында мұғалім болып еңбек етті.

Максим Мигунов

«ПМХЗ» ЖШС-ның Жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі
Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз! Жазылу