Менің атам 1926 жылдың 20 қаңтарында дүниеге келген. 16 жасында-ақ бірнеше рет әскери комиссариатқа өтініш жазып, Қызыл әскер қатарына алынуды сұрайды. Алайда жасы 18-ге толмағандықтан, комиссия жасөспірімнің өтінішін қабылдамай қояды. 1943 жылы 17 жасында ол тағы да майданға аттануға өтініш береді де, бұл жолы жасын бір жас қосып көрсетеді. Әскери комиссариаттың шешімімен 1943 жылдың 5 қыркүйегінде Абылай Нұрымов Қызыл әскер қатарына қабылданады.
Әскери дайындықтан өткен соң, 29 қазанда оны майдан шебіне жібереді. Атам Екінші Беларусь майданының жаяу әскер бөлімінде шайқасқан. Фашист басқыншыларына қарсы түрлі ұрыстарға қатысып, бірнеше мәрте жарақат алады. Ерен ерлікпен жау әскеріне тойтарыс беріп, отанды және Еуропа елдерін басқыншылардан асқан ержүректілікпен азат еткені үшін оған маузер маркалы тапанша табысталды.
Жеңіс күнін жауынгер Нұрымов Прага қаласында қарсы алған. 1945 жылы ол 01963 далалық пошта бөлімінің өзге де сарбаздарымен бірге жапон басқыншыларына қарсы соғысқа қатысу үшін Шығысқа жіберіледі. Сөйтіп әскери қызметін тек 1946 жылдың 25 ақпанында аяқтайды.
Соғыстан кейінгі жылдары атам ел экономикасын қалпына келтіруге атсалысып, Ертіс өңірінде тың жерлерді игеру ісіне белсене қатысады. Ол “1941–1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін”, “Ерлігі үшін”, “КСРО Қарулы күштеріне 50 жыл”, “1941–1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 20 жыл”, “1941–1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 30 жыл” және “Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін” медальдарымен марапатталған.
Ержүрек қаһарманымыз 1976 жылдың 3 желтоқсанында 50 жасында дүниеден өтті. Ол Қазақ КСР-і Павлодар облысы, Павлодар ауданына қарасты Айтым (Кеңес) ауылында жерленген. Оның жарқын бейнесі отбасымыздың, туған-туыстарымыздың және барша жерлестеріміздің жадында мәңгі сақталады.
«ПМХЗ» ЖШС-ның жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі