Менің атам, Нұрақов Сұлтанғазы Бегімбекұлы, 1921 жылдың 24 ақпанында Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауылында дүниеге келген. 1941 жылы Кеңес әскері қатарына шақырылып, танк әскерінің 15-гвардиялық механикаландырылған бригадасында қызмет еткен.
Атам Ұлы Отан соғысының майдандарында шайқасып, сол соғыстың аса маңызды ұрыстарының бірі – Курск стратегиялық қорғаныс операциясында ерлік көрсетті. Ауыр жарақат алуына байланысты әскер қатарынан босатылса да, жігері жасыған емес.
Ерлігі мен батырлығы үшін атам III дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды.
Соғыстан кейін туған ауылына оралып, бейбіт өмірде еңбек жолын жалғастырды. Аудандық дайындау мекемесінің меңгерушісі болып жұмыс істеп, елді қалпына келтіруге үлес қосты.
Сұлтанғазы Бегімбекұлы сегіз бала тәрбиелеп өсіріп, он жеті немере сүйді. Ұрпақтарына отбасылық құндылықтарды дәріптеумен қатар, жерімізде жеңіс туын желбіреткен аталарына деген құрметті аманат етті. Отбасымыз үшін атам төзімділіктің, мәрттіктің және отанға деген сүйіспеншіліктің символы болып қала бермек.

Әсел Нұрақова
«ПМХЗ» ЖШС-ның Жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі