Мен, Мәжит Айнаш Ержанқызы, жұртшылықпен байланыс жасау бөлімінің маманы, 1906 жылы Сарышығанақ ауылында дүниеге келген және Қызыл әскер солдаты болған үлкен атам Әлімжан Түсіпбеков туралы айтқым келеді. Соғысқа дейін Калинин атындағы совхоздың алғашқы есепшісі болған.
1941 жылы майданға шақырылып, ұзақ жылдар бойы хабарсыз кеткендер қатарында саналды. Бірақ оның есімі отбасы мен жерлестерінің аузынан түскен емес.
Артынан әйелі мен екі ұлы қалды — менің атам Мәжит пен оның бауыры Қабылғазы. Бірі бас есепші, екіншісі агроном әрі ақын болды. Оның өлеңдері әкесіне деген сағынышқа толы еді.
Тек 1995 жылдың мамыр айында ғана отбасымыз Ұлы Отан соғысында қаза тапқан және хабарсыз кеткен жерлестердің есімдерін мәңгілікке есте қалдыру мақсатында жазылған Бекболат Хазыровтың «Боздақтар» кітабының арқасында шындықты білді. Ол үлкен атамның әскери құжатын Ресей Федерациясының Подольск қаласындағы Кеңес Әскерінің Орталық мұрағатынан тапқан. Осы ақпараттың арқасында отбасымыз оны қайдан іздеу керектігін түсінді.
Әлімжан Түсіпбеков 1942 жылдың тамызында Тверь облысының Пушкари ауылы маңында 45-гвардиялық атқыштар полкінің құрамында шайқасып жүріп қаза болған. Ол Белый қаласындағы бауырластар зиратынан табылды. Туыстарым сол жерге естелік тақта орнатып, бейітіне бір уыс қазақ топырағын салды.
Кейін туысқандарымыз Әлімжан атаның тірі қалған жауынгер достарын тапты. Оның майдандас досы Владимир Семёнов хатында Түсүпбековтің қандай батыр болғанын еске алды: «Ол танкіге қарсы мылтықпен жау танкілерін жойып, соңына дейін шегінбей, өз позициясын ұстап тұрды. «Үлкен ПТР-ді бір солдат тасиды, кішкентай қазанды екі солдат жейді»,- деп жиі әзілдейтін.»
Бүгінде Әлімжан Түсіпбековтің есімі — архивтегі мәлімет қана емес, отбасымыздың мақтанышы мен нағыз патриотизмнің үлгісі.
Батырларымыз туралы естеліктер халық аузында жүргенде, олардың есімдері ешқашан ұмытылмайды.