Іс-шара Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен 2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы аясында өтті.
Пресс-турдың басты мақсаты халық арасында экологиялық сауаттылықты арттыру, жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы кәсіпорынның оң тәжірибесін көрсету болды.
Іс-шараға қатысушыларға зауыттың экологиялық қызметі мен қоршаған ортаға әсерді төмендетуге бағытталған практикалық шаралары таныстырылды.
Қонақтардың назарын 2024 жылдың желтоқсан айында іске қосылған автоматтандырылған мониторинг жүйесіне (АМЖ) әдейі бұрды. Бұл жүйе атмосфераға шығарындыларды бақылауды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар қатысушылар зауыттың орталық басқару пунктіне барып, жабдықтардың технологиялық жұмыс режимі, технологиялық қажеттіліктерге суды алу мен пайдалану туралы (2022–2024 жылдар аралығында техникалық суды тұтыну 49%-ға төмендеді), сондай-ақ тазартылған суды қайтару бойынша мәліметтермен танысты.
Айта кетсек, ПМХЗ-да тазартылған ағын суларды өндірісте қайта пайдалану деңгейі 70%-ға жетеді, ал тазартылған су қалдықтары «Сарымсақ» жинақтаушысына жіберіледі.
Кездесуге қатысушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар өнеркәсіптік кәсіпорындар, қадағалаушы органдар және жұртшылық арасындағы ашық диалог үшін аса маңызды. Зауыт басшылығы өз кезегінде экологиялық бастамаларды әрі қарай да ашық түрде таныстыруға даярлығын білдірді.
«Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-ның Қоршаған ортаны қорғау қызметінің ақпараты бойынша Жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі