Жарыс барысында зауыт жұмысшылары ұйымшылдықтың, командалық рухтың және жеңіске деген жігердің жарқын үлгісін көрсетті. Әр спорттық кездесу нағыз тартыс, әр ойын жоғары шеберліктің айғағы болды. Командалар жүлделі орындар үшін аянбай күресіп, бір-біріне қолдау білдіру арқылы бірліктің мәнін айшықтай түсті.
Қорытынды ойындар нәтижесінде 1 орынға МТӨӨ (Мұнайды терең өңдеу өндірісі) командасы ие болды. 2 орын СжәнеК (Сумен жабдықтау және кәріз цехы) командасына бұйырды. Ал 3 орынды КӨжәнеЖЗШ (Күкірт өндірісі және жалпы зауыттық шаруашылығы) құрамасы қанжығасына байлады.
Сонымен қатар жекелеген ойыншылардың шеберлігі де назардан тыс қалмады:
Үздік қақпашы – Тимур Калина (МТӨӨ).
Үздік қорғаушы – Дәулет Саитов (КӨжәнеЖЗШ).
Үздік шабуылшы – Рамин Тагиев (СжәнеК).
Кәсіподақ ұйымы Спартакиада-2025 аясында спорттық шараларды ұйымдастыруға атсалысқан құрылымдық бөлімше өкілдеріне алғыс білдіріп, белсенділік танытқан барлық қызметкерлерге ризашылығын жеткізді. Мұндай спорттық бастамалар – зауыт пен кәсіподақ арасындағы тиімді серіктестіктің, сондай-ақ ПМХЗ ұжымындағы корпоративтік мәдениетті нығайтудың, салауатты өмір салтын қолдаудың айқын көрінісі.
«ПМХЗ» ЖШС-ның Жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі
Фото – Илья Величко