Көктемнің соңғы күні Павлодар қаласының Усольский шағынауданында саябақ аумағын тазарту және абаттандыру бойынша акция өтті. Қоршаған ортаға жанашырлық танытқандардың қатарында қала тұрғындары, қоғамдық бірлестіктердің мүшелері және облыстың ірі кәсіпорындарының қызметкерлері болды. Олардың сапында Павлодар мұнай-химия зауытының 20 жұмысшысы да бар.
Іс-шараны республикалық «Таза аймақ» акциясы аясында облыстың Экология департаменті мен Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы ұйымдастырды. Бұл бастама қала мен жағалау аймақтарын тазартуға бағытталды.
ПМХЗ қызметкерлері Усолка өзенінің жағалауынан пластикалық бөтелкелер, пакеттер, қаңылтыр банкілер, шыныдан жасалған ыдыстар мен басқа да қоқыстарды жинады. Зауыт қызметкерлері жалпы 20 қап қоқыс шығарды.
Мұнай өңдеушілер қоршаған ортаға сүйіспеншілікпен қарайды, сондықтан қаланың экологиялық жағдайын жақсарту бойынша іс-шараларға қуана қатысып, әрдайым белсенділік танытады.
«Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-ның Жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі