2025 жылдың 2 маусымында ПМХЗ өкілдері «Жетім және ата-аналардың қарауынсыз қалған №2 Песчаное арнайы жалпы білім беретін мектеп интернаты» КММ-ға барып қайтты. Зауыт аталмыш мекемеге 20 жылдан астам уақыт бойы қамқорлық көрсетіп келеді. Балаларды Халықаралық балалар күнімен құттықтап, аңсаған армандарына жетулерін тіледі.
Әдеттегідей, кәсіпорын мен интернат ұжымы бірлесіп балаларға керемет көңіл-күй мен қуаныш сыйлады. Мерекелік шара барысында аниматорлар ұйымдастырған ойын-сауық бағдарламасы кішкентай балақайлардың көңілдерінен шықты. Балалар танымал телехикая желісіне негізделген тапсырмаларды орындап, қыздар мен ұлдар болып топтарға бөлініп ойнады. Нәтижесінде шынайы достық пен өзара қолдаудың жеңгені көрінді — жоғары сынып оқушыларының кішкентайларға қамқорлықпен қарағаны жүрекке ерекше жылулық сыйлады.
ПМХЗ атынан балаларды технологиялық қондырғылар операторлары Бауыржан Қабдуов (МТӨӨ) пен Максим Наумкин (МБӨӨ) құттықтады.Шара соңында балаларға кеңсе тауарлары мен тәттілер тарту етіліп, естелік суретке түскеннен кейін барлығы шай үстінде әңгімелесіп, жылы жүздесумен күнді қорытындылады.
«ПМХЗ» ЖШС-ның Жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі
Фото – Вадим Бердников