«ПАВЛОДАР МҰНАЙ-ХИМИЯ ЗАУЫТЫ» ЖШС slogan
23.09.2016
178 просмотров
Тіл – татулық тірегі Кез келген мемлекет халқын рухани және ұлттық құндылықтар біріктіреді. Олардың бірі – тіл. 22 қыркүйек күні Павлодар мұнай-химия зауытында Қазақстан халқы тілдері күніне арналған «Тіл – татулық тірегі» атты дәстүрлі Тілдер фестивалі өтті. Салтанатты шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды.
1998 жылғы 20 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқының ұлттық құндылықтарының бірі – тілдерді сақтау мақсатында 22 қыркүйек күнін Қазақстан халқы тілдері күні етіп жариялады.
ҚР Президенті Н. Назарбаев: «Біз Қазақстанда тұратын барлық халықтардың тілі мен мәдениетін құрметтеу бағытында қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Бұл – мемлекетіміздегі қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың басты қағидасы болып қала береді», - деп айтқан. Шын мәнісінде, елімізде тұратын барлық этностар тату және бейбіт тұрады, өз туған тілінде еркін сөйлеп, мәдениеті мен дәстүрін сақтайды.
Зауыт жұмыскерлерінің сүйікті мерекесіне айналған Тілдер күні қарсаңында кәсіпорнымызда биыл да концерт ұйымдастырылды. Зауыттың мәжілісі залында ПМХЗ-да және оның серіктес ұйымдарында жұмыс істейтін түрлі ұлт өкілдері жиналды.
Салтанатты шара бағдарламасы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналды. Концерттің беташарын Бауыржан Қанаев («Өрт сөндіруші» ЖШС) «Қазақтай ел қайда?» әнімен ашты. Қазақстан халқының бірлігін, жастардың отансүйгіштігін көрсеткен «Шаңырақ» атты қойылым жиналған қауымның көңілінен шықты. Залда отырғандардың барлығы өзін «Қазақстан» атты үлкен мемлекеттің бір бөлшегі ретінде сезініп, бойларында бір қуаныш, мақтаныш сезімі ұялады. Дмитрий Назаренко (мұнайды терең өңдеу кешені) екі ән орындап берді, бірі – жергілікті композитор С. Мұсалимовтың «Люди на планете» әні болса, екіншісі: ұлы сезім - махаббат жайлы еврит тіліндегі «Рэга» әні. Көрермендерді поляк халқының мәдениетімен таныстырған Светлана Музыка («Тотал Сервис» ЖШС) «Piękna dziewczyna» атты әнін поляк, қазақ, орыс тілдерінде тамаша орындады. Қазақ халқы сүйсіне орындайтын «Сұлу қыз» («Девушка-красавица») әні өткен ғасырдың ортасында қазақ және орыс тілдеріне аударылған болатын. Әріптесіміз Рамин Тагиевтың (сумен жабдықтау және кәріз цехы) отбасы керемет азербайджан биін орындады. Жылсайын фестивальға қатысып жүретін Павел Чиченев ( «Тотал Сервис» ЖШС) пен Христина Манжос (№60 цех, орталық аппарат) қазақша «Алматының түндері-ай» әнін сыйға тартты. Мария Петрова шырқаған қазақ музыкасының майталманы - Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар әнін» көрермендер ерекше қошеметпен қабыл алды. Фестиваль соңында Сабина Тагиева «Қазақ елі – бұл Қазақстан» әнін орындағанда залда жиналған қауым тұрып, туған жерге, елге деген, тілге деген ыстық сезімдерін білдірді.
Фестивальде Тілдер күні қарсаңында зауытта өткен «Тіл білгірі» тіл сайысының жеңімпаздары да марапатталды. Мемлекеттік тілді өз тіліндей сүйіп, меңгеріп жүрген тіл білгірлері: 1-орын - Якобс Сергеевс (технологиялық қондырғылар операторы, мұнайды терең өңдеу кешені); 2-орын - Дмитрий Денисов (инженер-конструктор, жобалау-конструкторлық бөлім) және Евгений Лангольф (жетекші инженер-энергетик, бас энергетик бөлімі); 3-орын - Виктория Топко (химиялық талдау зертханашысы, орталық зауыт зертханасы) және Александр Останин (технологиялық қондырғылар операторы (тәжірибеден өтуші) мұнайды бастапқы өңдеу кешені). «ПМХЗ» ЖШС бас директоры Шухрат Данбай әріптестерімізге дипломдар мен бағалы сыйлықтар берді. Мемлекеттік тілді оқыту курсына белсене қатысып жүрген қызметкерлер: ауыр мұнай қалдықтарын өңдеу кешені бастығының орынбасары – Юрий Мигуля мен өндірістік оқыту шебері Александр Ким де алғыс хаттар мен сыйлықтарға ие болды.

Жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі
Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз! Жазылу