Павлодар мұнай-химия зауытында («ПМХЗ» ЖШС, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес кәсіпорны) жоспарлы алдын алу жұмыстары жалғасуда. Бұл іс-шаралардың аясында агрессивті ортада жұмыс істейтін негізгі технологиялық жабдықты жаңарту бойынша екі ірі жоба аяқталды.
Мұнайды бастапқы өңдеу цехында мамандар сегіз электродегидраторды толығымен ауыстырды. Бұл құрылғылар электр өрісі арқылы мұнай құрамынан су мен тұзды жояды, яғни шикізатты дайындауда маңызды рөл атқарады.
Сонымен қатар мұнай өнімдерін компаундттау және жөнелту өндірісіндегі сұйытылған газды сақтау паркінде төрт ыдыс жаңартылды. Алдағы жоспарлы жұмыстар аясында осы учаскеде тағы осындай алты ыдысты ауыстыру жоспарланып отыр.
Ірі габаритті жабдықты демонтаждау және монтаждау үшін 100-ге жуық маман жұмылдырылды. Ауыр техника, соның ішінде жүк көтергіштігі 500 тоннаға дейінгі автокрандар мен конструкцияларды тасымалдайтын арнайы трал пайдаланылды. Жұмыстарды атқару кезінде барлық қауіпсіздік шаралары сақталды.
Еске сала кетсек, ПМХЗ-дағы жоспарлы алдын алу жұмыстары ҚР Энергетика министрлігінің кестесіне сәйкес 2025 жылы 18 маусымда басталып, 17 шілдеге дейін жалғасады. Іс-шаралар «Азаматтық қорғау туралы» ҚР Заңының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы талаптарына сай жүріп жатыр. Жоспарлы алдын алу жұмыстары кезінде тұтынушыларға мұнай өнімдерінің негізгі түрлері ҚР Энергетика министрлігімен келісілген жоспарға сәйкес жинақталған қордан жөнелтіп жатқандығын атап өткен жөн.
Жоспарлы алдын алу жұмыстарын жүргізу — ПМХЗ өндірістік стратегиясының негізгі бөлігі. Бұл іс-шаралар технологиялық процестерге инженерлік профилактикасын жүргізу, кәсіпорынның үздіксіз әрі сенімді жұмысын қамтамасыз ету және экологиялық стандарттарды қатаң сақтау үшін қажет.
«ПМХЗ» ЖШС-ның Жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі
Фото – Екатерина Лобашевская