Жаз мезгілі – Павлодар мұнай-химия зауыты қызметкерлері үшін күш жинап, қуат алып, отбасымен бірге Қазақстанның көрікті жерлерінде уақыт өткізуге тамаша мүмкіндік. Зауыт көрсетіп жүрген қолдаудың арқасында ПМХЗ қызметкерлері жаздың керемет күндерін еліміздің ең үздік курорттарында өткізе алады.
Солардың бірі – Бурабай ұлттық паркіндегі Қатаркөл көлінің жағасында орналасқан «Discovery Borovoe» курорт-отелі. Мұнда демалушыларға таза ауа жұтып, қарағайлы ормандарда серуендеп, құмды жағажайда тынығу мүмкіндігі туады.
Сондай-ақ мұнай өңдеушілер Баянауыл ұлттық паркінде демалғанды жақсы көреді. Жасыбай көлінің жағасында орналасқан «Золотые пески» және «Anyz Land» демалыс базаларында отбасымен жайғасуға немесе «Сабындыкөл Plaza» демалыс үйінде тыныш демалысты таңдауға болады.
Қызметкерлердің жайлылығы үшін кәсіпорыннан трансфер қарастырылып, күніне үш мезгіл тамақтану мен жайлы бөлмелерде орналасу қамтамасыз етілген.
Қазіргі таңда демалыс маусымы қызу жүріп жатыр: 2025 жылдың маусым айында Бурабайда ПМХЗ-ның 37 қызметкері отбасымен бірге демалып үлгерді. Баянауыл демалыс орындарын зауыт қызметкерлерінің 105 отбасы таңдады, оның ішінде 27-сі Сабындыкөл жағасында, 45-і «Anyz Land» базасында, ал 33-і «Золотые пески» демалыс орнында болды.
Демалыс тамыз айының соңына дейін жалғасады, ал қыс мезгілінде зауыт қызметкерлері «Discovery Borovoe» курортына уик-эндке бара алады. Барлық сапарларды ұйымдастырумен «Мұнай өңдеуші» жергілікті кәсіподақ ұйымы айналысады.
Павлодар мұнай-химия зауыты өз қызметкерлеріне сапалы демалыс жағдайларын жасап, оларға әрдайым қамқорлық танытып жүргендіктен, мұнай өңдеушілер үшін демалыс орындарын алуда жеңілдіктер қарастырылған.
«ПМХЗ» ЖШС-ның Жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі
Фото — Анна Гронская