«Павлодар мұнайхимия зауыты» ЖШС
28.07.2025
19 просмотров
ПМХЗ Иса Байзақовтың 125-жылдығына арналған мерекелік шараны қолдады

2025 жылғы 25–26 шілде күндері Ертіс ауданында қазақтың ұлы ақыны, жыршы, сазгер әрі орындаушы Иса Байзақовтың 125 жылдығына арналған кең ауқымды мерекелік іс-шаралар өтті. Осы мақсатта ұйымдастырылған этноауылда танымал мәдениет және өнер қайраткерлеріне арналған мұражайлық киіз үйлер тігілді. Солардың бірі — ПМХЗ ұсынған киіз үй. Бұл киіз үйдегі көрме ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды жәдігерлермен толықты.

Дәстүрге айналған игі шара бұл жолы да кең ауқымда ұйымдастырылып, мазмұнды бағдарламасымен есте қалды. Алдымен Иса Байзақовтың бюстіне гүл шоқтары қойылып, тағзым рәсімі өтті. Одан кейін аудандық Мәдениет үйінде ақынның шығармашылығына арналған бірнеше кітаптың тұсаукесері мен ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.

Павлодар облысының әкімі Асаин Байханов жаңа кітаптарды әзірлеуге және жарыққа шығаруға атсалысқан барлық азаматтарға ризашылығын білдіріп, даңқты жерлесіміздің мәдени мұрасын сақтау мен дәріптеудің маңызын ерекше атап өтті. Қонақтарға ақынға арналған деректі фильм көрсетіліп, сөз шеберлері арнау жырларын оқыды.

Мерекенің екінші күні қонақтар этноауылға шақырылды. Мұнда салтанатты көңіл күй, ұлттық нақыштағы көрме мен қолөнершілер жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Киіз үйлерде Иса Байзақов, Мәулен Жаманбалинов және Аққали Шамкеновтің жеке заттары көрсетілді. Ұлттық ойындар — көкпар, қазақша күрес және бәйге бойынша сайыстар өтіп, жүлделер табысталды.

ПМХЗ шараны қолдап, этноауылға арнайы киіз үй көтерді. «Асыл мұра – Иса үні!» атты көрме экспозициясында И. Байзақов киген оюлы шапан, домбыра, хаттар, кітаптар, баспа машинкасы мен араб тіліндегі көне күнделігі қонақ назарына ұсынылды. Сондай-ақ, ақынның қызы Мақпузаның және ұлы Ертістің жеке заттары да экспозицияны толықтырды.

Мерекелік демалыс күндері еліміздің танымал эстрада жұлдыздары, өнер ұжымдары және Иса Байзақов атындағы облыстық филармония әртістерінің қатысуымен өткен салтанатты концертпен аяқталды.

«ПМХЗ» ЖШС жұртшылықпен байланыс жасау бөлімі

Фото – Валерий Бугаев

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз! Жазылу