Электрдегидратор – шикі мұнай құрамындағы су мен тұзды бөлектеп шығаратын аса маңызды технологиялық жабдық. Бұл процесс мұнай өнімдерінің сапасын арттыруда шешуші рөл атқарады.
Биыл зауытқа көлемі 160 текше метр болатын ЭГ-160-18 маркалы жаңа буындағы дегидраторлар орнатылды. Бұл құрылғы үш қатарлы металл электродтармен жарақталған. Бұған дейін қолданылған үлгілерде екі қатар ғана болатын. Бірегей инженерлік шешім — электр өрісінің біркелкі таралуын қамтамасыз етіп, ылғал мен қоспаларды мұнайдан анағұрлым тиімді тазартуға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, Қазақстандағы мұнай өңдеу саласында мұндай технология алғаш рет қолданылып отыр. Бұл — ПМХЗ-дың өндірістік инновацияларға ашықтығын және үнемі ілгері басуға деген ұмтылысын айғақтайды.
Әр дегидратор жарылыстан қорғалған екі бірдей қуат көздерімен қамтамасыз етілген. Бұл — жабдықтың қауіпсіздігі мен үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін маңызды фактор. Сондай-ақ, тарату жүйесі арқылы басқарылатын автоматтандырылған жүйе (DCS) өндіріс үдерісін нақты әрі тиімді бақылауға мүмкіндік береді.
Заманауи дегидраторлардың іске қосылуы — зауыттың жөндеуаралық кезеңін ұзартуға, өндірістің сенімділігін арттыруға және экологиялық талаптарға сай жұмыс істеуіне қосқан салмақты үлес.